Елімізде автожолдар сапасы ең нашар өңір – Батыс Қазақстан облысы. Бірнеше аудан мен облыс орталығы арасында әлі күнге дейін асфальт жол жоқ. Көктем мен күзде, боранды қыста жол ми батпаққа айналып, жолаушылар тәуліктеп азап тартады.
Жер көлемі ұланғайыр болғандықтан Қазақстан үшін қарым-қатынас, коммуникацияның маңызы үлкен. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы жергілікті автожолдар желісінің жалпы ұзындығы – 5 082,7 шақырым болса, мұның 1 874,3 шақырымы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деп есептеледі. Яғни жергілікті жолдардың 39 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деген дәрежеде. Бұл – Қазақстан Республикасы бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жергілікті жолдардың жағдайы осындай болғанда, республикалық мәртебесі бар үлкен жолдардың да халі мәз емес.
2018 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласына келген жұмыс сапарында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарын жалғайтын жол салу жөнінде Үкіметке тапсырма беріп, халық қатты қуанған еді. Сол кездегі жоспар бойынша жаңа жол 2021 жылдың соңында пайдалануға берілуге тиіс болатын. Алайда олай болмады. Аталған аудан халқы әлі жол азабын тартып-ақ келеді.
Жақында сенатор Нариман Төреғалиев Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Президент тапсырмасының әлі орындалмағанын айтып, батысқазақстандықтардың жанайқайына назар аударды.
Сенатордың сауалы
«2019 жылы «Қазталов –Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасына дейін 145 шақырым және «Бисен – Өнеге – Сайхын» жолы – 103 шақырым, барлығы 248 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компания анықталған болатын. Жобалардың құны – 57 млрд теңге. Жобаларды іске асыру мерзімі қыс айларын қоспағанда 21 айдан 23 айға дейін белгіленді. Өкінішке қарай, жоспарлағандай болмай шықты. Үш жылда небәрі 248 шақырым жолдың 55 шақырымы ғана жасалды. Бұлай жалғаса беретін болса, аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек», деді депутат.
Сенатор жол құрылысының уақтылы аяқталмауына бірнеше фактор кері әсер еткенін айтады. Біріншіден, жоба жыл сайын толық қаржыландырылмай отыр. Екіншіден, құрылыс материалдарының құны күрт өсіп кеткен. Жол құрылысына қажетті инертті материалдармен қамтамасыз етуде де қиындық бар, жүк вагондары тапшылығынан уақтылы жеткізілмейді. Мәселен, 2021 жылы облысқа қажетті мөлшердегі қиыршық тасты тасымалдау үшін айына 600 вагон жеткізу қажет болса, оның 12 пайызы ғана жеткізілген.
«Аталған жоспарға «Қазақстан темір жолы» АҚ мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру, егер де бұл мәселе шешімін таппайтын болса, көрші Ресей Федерациясынан өңірге қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз», деді сенатор.
Мердігерлер мұңы
Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алдында «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» жолын салуға қатысып жатқан 15 субмердігер компания басшылары жиналып, наразылық білдірді. Бұларға тапсырыс беруші «ADFstroy» компаниясы өз уәдесін орындамай, 236 млн теңге қаражатты бермей қойған. «Біз түрлі деңгейдегі кеңселердің есігін қағып, атқарған қызметіміз үшін тиесілі қаражатты ала алмай жүргенімізге екі жыл болды», дейді олар.
Наразылыққа шыққан мердігер фирма өкілдерінің айтуынша, мәселе былай болған: 2019-2020 жылдары бұл фирмалар «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» жолы құрылысының бір бөлігін жүргізуші «Теміржол жөндеу» компаниясына субмердігер ретінде іске кіріскен. Бірақ «Теміржол жөндеу» мен бұлардың арасында «ADFstroy» деген «ұлтарақ» компания болған. Жол құрылысына арналған мемлекет қаржысы «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының облыстық филиалынан «Теміржол жөндеу» компаниясына кедергісіз түседі. «Теміржол жөндеу» өз кезегінде «ADFstroy» есепшотына аударады. «ADFstroy» жоғарыдағы 15 фирмаға жұмысты бөліп тапсырып, ақыр соңында тиісті қаражатты бермей кеткен. Бұл фирмалардың бірі жанар-жағармай жеткізген, бірі арнайы техникаларын жалға берген, бір фирманы тамақпен қамтыған. Барлық құжат, келісімшарттар жасалған. 2020 жыл бойына субмердігерлер өз қызметін толық орындаған. Бірақ әлсін-әлі қаржыландыру тоқтап қалып, мәселе туындаған. Жасаған қызметі үшін ақысын ала алмаған субмердігерлер қызметін тоқтатса, жоғарыдан түрлі уәде арқалаған қоңырау қаптаған.
– Бізге «Қазавтожол» филиалы басшылары да, «Теміржол жөндеу» компаниясының басшылары да телефон шалып, «жұмысты тоқтата көрмеңіздер, ақшаңызды аласыз, біз кепіл боламыз» деумен болды. Сөйтіп, күзге дейін біз уәдеге сеніп, жұмысты жалғастыра бердік. Алайда «ADFstroy» міндетін орындамады. Бас-аяғы 15 фирмаға берешегі 236 млн теңгеге жетті. Бұл мәселені көтеріп, маңдай теріміздің адал ақысын даулап, талай жерге бардық. Бізге «ADFstroy»-ды сотқа беріңдер» дейді. Ал қазір бұл «компанияны» сотқа бергенмен, олардан ештеңе ала алмаймыз. Есепшоты бұғаттаулы, қарызы бастан асқан. Екі ортада алаяқтардың кесірінен біз зардап шегіп отырмыз, – дейді «АБУ-групп» ЖШС директоры Ерлан Ақтау.
Ерлан Бекжанұлының айтуынша, «ADFstroy» компаниясының «АБУ-групп» ЖШС-на 25 млн теңге берешегі бар екен. «Тиісті ақысын алмай тұрып неге қарызға батып жұмысты жалғастыра бердіңіздер?» деген сұрағымызға:
– Бастапқыда бәрі дұрыс болды. Бас мердігеріміз «Теміржол жөндеу» компаниясы «ADFstroy»-ға барлық техникасын беріп, көмектесіп тұрды. «ADFstroy» тарапынан қаржы төлеу кідіріп, біз жұмысты тоқтатпақ болғанда, «Теміржол жөндеу» компаниясы басшылары хабарласып, «ақша болады, тоқтамаңыздар, біз кепіл боламыз» деп уәдесін жаудырды. Біз соған сеніп қалдық, – дейді.
Енді, міне, оралдық 15 субмердігер фирманың басына қиын күн туып тұр. «ADFstroy» компаниясы шынымен де жосықсыз болып танылған. Бірақ заң бойынша «Теміржол жөндеу» компаниясы өз мердігері үшін жауап бермейді.
– Иә, екі жыл ішінде «ADFstroy» компаниясының дебиторлық және кредиторлық қарызы 200 млн теңгеден асып кетті. Бірақ заңдылық жағынан қарасақ, бұған «Теміржол жөндеу» компаниясы басшылығының кінәсі жоқ. Өйткені олар барлық атқарылған жол құрылысы жұмысы үшін тиісті қаражатты толық көлемде «ADFstroy» компаниясының есепшотына аударған. Сондықтан бұл іске мемлекеттік басқару орындары да, прокуратура да араласа алмайды. Бұл субмердігер фирмалар «ADFstroy» компаниясының үстінен сотқа шағымдануы керек, – дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев.
Міне, Батыс Қазақстан облысында «ғасыр жолы» деп әспеттеген автожол құрылысы төңірегінде осындай дау-дамай болып жатыр. Жақында ғана Орал қаласына келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев те бұл мәселенің оң шешілуіне көмектесуге уәде берген болатын. Оралдық кәсіпкерлер қазір елордадан жақсы хабар күтіп жүр. Ал жергілікті халық жол азабын тартуда.
Батыс Қазақстан облысы