• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Сәуір, 2022

Тауарды таңбалау тұтынушыға да, экономикаға да тиімді

672 рет
көрсетілді

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағында бірқатар бұйым мен өнімді міндетті таңбалауды енгізгені белгілі. Әу бас­та көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, нарықтағы заңсыз өнімнің айналымын азайтуды көздеген реформа бүгінге дейін қандай жетістіктерге қол жеткізді, экономиканың дамуына оң әсерін тигізе алды ма? Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу комитетінің төрағасы Арман Әбеновпен әңгімелескен едік.

– Арман Дәулетұлы, тауар­ларды таңбалаудың қан­дай артықшылығы бар? Қазақ­станда цифрлы таңбалауды енгізудің мақсат-міндеттері қандай?

– Тауарларды цифрлы таңба­лау – әлемде бар тәжірибе. Оның бас­ты мақсаты – халықты жалған өнімнен қорғау және көлеңкелі биз­нес пен контрафактіге тойтарыс беру. Қазақстанда тауарлар­ды таңбалау мен қадағалауды ен­гізу Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісім мен елі­міз­дің «Сау­да қызметін реттеу туралы» Заңы аясында жүзеге асты.

Тауарларды таңбалау жүйесі Қазақстанға бірден енгізілген жоқ. Әуелі қанатқақты жоба ретін­де қолға алынды. Цифрлы таң­балау процесін талқылауға бар­­лық мүдделі тарап тартыл­ды. Көпшіліктің ұсыныс-пікірі ескеріліп, жан-жақты талқы­лаудан өткеннен кейін ғана цифр­лы таңбалау жүйесі біртіндеп қолданысқа ене бастады.

Алдымен табиғи теріден жа­сал­ған бұйымдар (2019 жылғы 31 наурыздан бастап), содан кейін темекі бұйымдары (2020 жылғы 1 қазаннан бастап) және аяқкиімдер (2021 жылғы 1 қара­шадан бастап) таңбаланды.

Қазіргі экономикалық жағ­дайға байланысты біз тауар­лар­ды таңбалауды жедел енгізу­­дің мерзімі мен орындалу уақы­тын қайтадан қарауға шешім қа­был­дадық. Осыған байланыс­ты таңбалауға жататын тауарлар тіз­бесін кеңейтуге уақытша мора­торий жариялау туралы мәселе талқыланып жатыр.

– Қазіргі таңда Қазақ­стан­дағы көлеңкелі эко­но­миканың үлесі 23,5% дең­гейінде тұр. Бұл көрсеткішті тө­м­ен­детуге цифр­лы таңбалау­дың қаншалықты пайдасы бар?

– Жалпы, тауарды таңбалау­дың өзі көлеңкелі экономика үле­сін қысқартуға бағытталған. Бұл жү­йені бұрыннан енгізген ел­дер­де контрабандалық өнім айналымы 30%-ға дейін қысқар­ғанын байқауға болады. Сон­дықтан тауарларды цифрлы сәй­кестендіру экономикаға тиімді шешім деп сеніммен айтуға болады. Бұл тұтынушыларға да тиімді. Өйткені ресми органдарда тіркелмеген, тексерілмеген өнімдердің сапасы да күмәнді. Ал тауар таңбаланса, оның сапасы, пайдалану мерзімі, елге келу мерзімі – бәрі қадағаланып отырады. Егер өнімнің жарамдылық мерзімі бітсе, бірден алынып тасталады. Осылайша, азаматтар сапалы, денсаулығына зиян келмейтін тауарларға қол жет­кізеді. Сонымен қатар тауар­лар­ды таңбалау адал бәсекелес­тікті дамытуға да ықпал ете­ді. Адал өндірушілер мен импорт­тау­шылардың бизнесін дамытуға көмектесіп, отандық кәсіпкерлікті қолдауға септігін тигізеді.

Цифрлы таңбалау сауда сала­сындағы кейбір қордаланған мәсе­лелерді шешуге де көмек­теседі. Айталық, таңбалау кезінде тауардың өндірілген сәтінен бас­тап, елімізге жеткізілу тізбегі толық бақылауға алынып, қайдан шыққаны, кім өндіргені, қандай жолмен сақталғаны туралы бар­лық ақпарат қамтылады.

– Жалпы, Қазақстанда таң­балауды енгізудің нақты қандай жетістіктерін атап өтер едіңіз?

– Әлбетте, бүгінге дейін тауар­ды таңбалаудың қазақстан­дық тәжірибесінде бірталай жетіс­тік­ке қол жеткіздік. Мы­салы, былтыр темекі өнім­дерін таңбалау енгізілді. Нәти­жесінде, қағаз ак­циз­дік маркасы алынып тасталды. Бұл 2022 жылы бизнеске 450 млн теңгеден астам қаражатты үнем­деуге мүмкіндік берді.

2021 жылы цифрлы кодпен таңбаланатын тауар санының 219 млн бумаға (23,5%) өскені аталды. Декларацияланатын өнімге деген сұраныстың өсуіне бай­ланысты баламалы темекі өнім­дерінің импорты 35%-ға артты. Таңбалау мен қадағалауды енгізу есебінен 2025 жылға дейін бюджетке түсетін түсімдер 3 млрд теңгеден асады деп жоспарланып отыр.

– Былтыр жылдың аяғына қарай аяқкиімдер де таңбалана бастады. Бірақ осыған қатысты көптеген сын-пікір айтылды. Әсіресе аяқкиім сатушылар таңбалаудың қымбатқа түскенін айтып, шағымданды...

– Аяқкиім тауарларын таң­балауға қатысты туындаған мәселенің бәріне талдау жүргізіп, мынадай нәтиже алдық: аяқкиім­нің бір жұбын таңбалауға жұм­сала­тын жалпы шығындар: ірі сату­шылар үшін 19,9 теңгені (аяқкиім­нің орташа бағасының – 0,2%-ы), орта кәсіпкерлер үшін 49,5 теңгені (аяқкиімнің орташа ба­ғасының 0,5%-ы), шағын биз­нес үшін 37,3 теңгені (аяқкиім­нің орташа бағасының 0,4%-ы) құрады.

Бұдан бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, салалық бизнес және қауымдастық өкілдерімен бірлесе қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ міндетті таңбалауға дайындық кезінде Қазақстан үшін аяқкиім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіс­сөздер жүргізді. Олардың көп­шілігі Ресей нарығына арнал­ған аяқкиімді 1,5 жылдан бері таң­балап келеді және олар Қазақ­станның кәсіпкерлеріне де кө­мек­тесуге дайын екенін жеткізді.

Ал аяқкиімге енгізілетін код­қа қатысты айтсақ, егер тауар айналымы көп болмаса, онда тауарларға код жазу үшін арнайы жабдық сатып алудың және бағдарламалық қамтамасыз ету­дің қажеті жоқ. Кәсіпкерлерден бұл талап етілмейді, өндірушілер мен импорттаушылар ақпараттық жүйеде таңбалау кодтарын өздері алады және оларды өз бетінше басып шығара алады.

Елімізде аяқкиімнің міндетті таңбалануы енгізілген сәттен бас­тап, аяқкиімнің ресми импорты 37,2-ден 53,1 млн жұпқа дейін – 13 млн жұпқа (30%-ға) ұлғайды. Таңбалауды енгізгенге дейін 2018-2020 жылдардағы осы кезеңде аяқ­киім импортының көрсеткіші 35-39 млн жұп аралығында құбы­лып тұрған еді. Таңбалаудан кейін импорттың күрт секіруі нарық­тың «көлеңкеден» шыққанын және мемлекеттік органдардың бақы­лауы тиімді екенін айғақтайды.

Айтпақшы, кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін 2022 жылдың сәуіріне дейін елге әкелінген аяқ­киімді (қалдықтарды) таңба­сыз сатуға рұқсат етілді. Бұған қоса, шағын бизнесті қолдау мақ­са­тында таңбалау операторы 2022 жылдың 1 наурызында қалған аяқ­­киімдерді тегін таңбалау бойын­ша акцияны бастады. Акция барысында кәсіпкерлер оператор қаражаты есебінен таңбалау кодтарын басып шығаруға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлерден келіп түсіп жатқан өтініштер де жерде қалған жоқ. Олардың ұсынысымен бү­гінге дейін Қазақстанға әкелін­ген аяқкиімді таңбалау мерзімін бір жылға ұзарту туралы шешім қабылданғанын атап өткен жөн.

– Таңбалауға міндетті тауарлар тізіміне жақын арада қандай тауарлар қосылуы мүмкін, жалпы қандай өнімдерді міндетті түрде таңбалау керек деп ойлайсыз?

– Бірінші кезекте контра­факті­лік ықтималдылығы жоғары тауарларды таңбалау қажет. Са­пасы мен қауіпсіздігі халық ден­саулығына тікелей әсер ететін көп­шілік тұтынатын тауарлар мен әлеуметтік маңызы бар тауар­ларды таңбалауды пысықтау маңызды. Сондай-ақ тауар топтарын қарау кезінде ЕАЭО елдеріне экспортталатын тауарлар легіне ерекше назар аударған жөн. Бұл жағдайда таңбалау басқа елдің аумағына енгізілген таңбалау түріндегі техникалық кедергіні алып тастауға мүмкіндік береді.

Енді дәрілік заттарды таңба­лау бойынша қанатқақты жоба тәжірибеге енді. Биылғы шілде айынан бастап, 90 атаулы дәрілік затты кезең-кезеңімен таңба­лау­ға дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл Қазақстанда өндірілетін және өткізілетін дәрілік заттардың – 1%-ы.

Сондай-ақ қазір өндіруші за­уыт­­­тарда суды таңбалаудың тәжі­ри­бесі қолға алынды («Арыс» ми­не­ралды суы», Calipso, Tassay және т.б.). Соның нәтижесі бойынша жақында шешім қабылданады.

Болашақта міндетті таңба­лауға жататын тауарлардың тізбе­сі кеңейтілуі мүмкін. Бірақ алды­мен талдау жұмыстары жүр­гі­зі­леді, ұлттық мүдделер де ескері­леді, содан кейін ғана шешім қабылданатынын ескерте кетейін.

 

Әңгімелескен

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»