Қырғауылдарды жерсіндіру жұмыстарымен Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы «Астана орманы» ЖШС-мен бірлесе отырып айналысады, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл «Елорданың жасыл белдеуіндегі» жануарлар әлемін түрлендіру үшін қолға алынып отыр. Қырғауыл құсын жерсіндірудің биологиялық негіздемесі бар. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеу аймағында аңшылық қырғауылды жасанды өсіру және жерсіндіру үшін қырғауыл тұрағы салынды. Мұнда жыл сайын 1000-нан астам балапан өсіріледі, ал ересектері босатылады.
«Осы жылдың сәуірінде басқарма «Астана орманы», «Астана Ветсервис» мекемелерімен және Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен бірлесіп, 700 қырғауыл ұшырды. Еркін қырғауылдар негізінен «Жасыл белдеудің» майда ағаштар учаскелерінде немесе жидек түріндегі тұқымдары бар бұталы тоғайларда өмір сүреді. Олар негізінен судың маңында, қалың қамыс пен су қоймаларының жағасында, өрмелейтін және тікенді бұталарға бай қалың орманды тоғайларға жақын жерлерде жүреді. Еркін қырғауылдар аязға шыдамды», делінген хабарламада.