• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Сәуір, 2022

Шенеуніктерге шара қолданылды

363 рет
көрсетілді

Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында этика шеңберінен шыққан, жер телімін беру заңдылығын бұзған шенеуніктердің тәртіптік ісі қаралды.

Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов көпшілік алдында ауданның су шаруашылығы мекемесінің бастығына дөрекі, балағат сөздерді айтқан. Бұл Сарыағаш ауданы әкімі аппаратының жоспардан тыс тексеруі кезінде дәлелін тапқан. Жиналыс барысында қажетті ақпаратты бере алмаған мекеме басшысына эмоциямен ашу үстінде дөрекілікке жол беріп қойғанын Талиповтың өзі де мойындаған. Ал жоғарыдағы басшыдан балағат сөз естіп қалған шенеунік Талиповқа қояр ешқандай кінәсінің жоқтығын мәлім еткен. «Жұмыс барысында адамның кейде ашуға берілетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мемлекеттік қызмет жүйкенің жұқалығын көтермейтінін есте ұстаған абзал», дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов. Кеңес мүшелерінің шешімімен, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талиповқа «сөгіс» жазасын беру туралы ұсыныс аудан әкіміне жолданды.

Соңғы уақытта ауыл әкімдеріне қатысты істердің дені жермен байланысты болып отыр. Парамен ұсталып, сотталған да, қызметтен кетуге негіз болған жайттар да жер мәселесіне барып тіреледі. Бұл жолы Әдеп кеңесінде жерге қатысты төрт шенеуніктің мәселесі талқыланды. Жетісай ауданы Жылы су ауылдық округінің әкімі Ермек Дауылбаев пен аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман - заңгері Сапарғали Абдуллаев жерге қатысты біраз келеңсіздіктерге жол берген. Нақтырақ айтқанда, шенеуніктер жер телімін сатып беру туралы өтініштер бойынша ұсынылуы тиіс құжаттар пакетін толық тапсырмаған, жер пайдаланушылардың өтініштерін қанағаттандыру және ол бойынша шешімдерді уақытылы қабылдамау фактілеріне жол берген.

Тексеру барысында сондай-ақ, құрылысы аяқталмаған нысандар бойынша пайдалануға қабылдау актісін есепке алу, жер телімін жекеменшік құқығымен бекітіп беру туралы шешімдер қабылдау, жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасау жәйттері анықталған. Осыған ұқсас фактілерге Жетісай ауданы Қарақай ауылдық округінің әкімі Бәйдібек Иманбердиев, аталған ауылдық округ әкімі аппаратының бас маман - заңгері Сапарғали Бишораев та жол берген.

Төрт шенеунік қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасына ұсынылды.