• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Сәуір, 2022

Егізден кейінгі үшем

405 рет
көрсетілді

Биылғы балалар жылында қасиетті Рамазан айында күндердің сұлтаны жұмада Қызылордадағы «Ана мен бала» орталығында үшем дүниеге келді. Әділхан, Әлихан, Нұрлыбек деген есімдерді иеленіп отырған бұл үш ұл Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылында тұратын Бақытбек Қиясов пен Эльвира Әбдіғаппарованы 8 баланың ата-анасы атандырып, оларды үлкен бір үйелменнің басы болуға жақындата түсті.

Сәбилердің ата-анасын алғашқы болып облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев құттықтапты. Аймақ басшы­сы­ның сәле­мі мен нәрестелерге сый-сия­­патты облыстық ішкі саясат бас­қармасының басшысы Мира Қазбекова мен облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының жетек­шісі Сәбит Па­зы­лов табыстады.

– Өңір басшысының «Дүние дидарына келіп, әулетті қуанышқа бөлеген бауыр ет балапандарыңыз еліне елеулі, ұлтқа адал қызмет етер азамат атансын. Шаңырақтарыңызды қуанышқа кенелтіп жатқан үшемдердің бауы берік, өмір жасы ұзақ болсын. Ата-анасының үмітін ақтайтын, бола­шағы жарқын, бақытты балалар болып өсіп, ер жетсін» деген тіле­гіне ризамыз. Жалпы, менің анам 9 құрсақ көтерген, мен үйдің кенжесімін. Кезінде анамның сыңары туа сала шетінеп кеткен екен, келіншегімнің нағашылары арасында егіздер бар. Сондықтан да былтыр дүниеге егіздер келгенде «тұқымда бар ғой» дескенбіз. Қазір олар аяғын апыл-тапыл басып жүр. Ал мына сәбилердің үшем екенін алғаш білгенде сенер-сен­бесімізді білмей қалдық, – дейді қуа­ныштан толқыған Бақытбек.

Үшемдердің әкесі Бақытбек Қиясов жеке көлігімен жүк тасиды. Аналары Эльвира Әбдіғаппарова заңгерлік ма­ман­дығын баланың базарына айыр­бастаған бақытты жан.

Жасай беріңдер, қазақтың алтын құрсақ аналары!