• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2022

Сыр аспанын ән тербеді

341 рет
көрсетілді

Сырда туып, ән өнерінің сандуғашына айналған Роза Бағланова есімі ұлт руханиятындағы тұтас бір дәуірдің бастауында тұрғаны даусыз. Ғажа­йып әншінің ғасырлық тойы елімізбен қатар ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде. Қазақстан және КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы­ның есімін ұлықтауға арналған шаралар аясында Қызылордада республикалық «Ақмаңдайлым» әншілер конкурсы өтіп, қаладағы орталық алаңда ескерткіші бой көтерді.

Сырдағы өнер тойы осы ескерткіштің ашылуы­мен бастау алды. Гранит тұ­ғырға қонған бұлбұл әнші мүсіні қоладан құ­йыл­ған. Ескерткіш авторлары – Мұрат Сыдықов пен Бауыржан Ке­ненбай. Әншінің сахнаға шы­ғуға да­йындалып тұрған сәті бей­­не­ленген жоба талай жұ­­мыстың арасынан таң­да­лып алыныпты. Оның ашы­луында облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев еркелет­кен еліне ескерткіш болып оралған бұлбұл әнші есі­мі туған топырағында үз­дік­сіз ұлықталып келетінін айрықша атап өтті.

– Президент тапсырма­сына сәйкес, ән падишасын мәңгі есте қалдыру мақ­са­тында елдік дәрежеде мә­дени іс-шаралар басталып кетті. Жуырда Алматы қа­ласында ескерткіші ашыл­ғанын білесіздер. Бүгін туған жерінде аңыз адамға арналған әсем ескерткіш бой көтеріп отыр. Елі тұр­ғанда Роза апамыздың есімі ешқашан өшпек емес, – деді облыс әкімі.

Мерекелік іс-шараға ар­найы шақырылған Роза Бағ­ланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал әнші рухына құрмет көрсеткен жерлестеріне алғыс білдірді. Лентасы қиылғаннан-ақ ескерткіштің маңайы гүлге толып сала берді.

Осы күні Н. Бекежанов атындағы драма театрын­да республикалық «Ақмаң­дай­лым» әншілер конкурсы басталды. Осыған дейін де талай дарынды жас­тың тұсауын кесіп, жолын ашқан дәстүрлі байқауға бұл жолы іріктеу турында 200 талапкердің арасынан 15-і таңдалыпты.

Конкурс шартына сәйкес алғашқы кезеңде конкурсанттар Роза Бағланова­ның репертуарындағы ән­дер­­ден камералық оркес­трдің сүйемелдеуімен ән айтса, екін­­ші күні ел компози­тор­ла­­­рының әндерінен біре­уін орын­дады. Олардың өне­рін таразылайтын қазы­лар ал­қасы құрамында қа­зақ эстра­­дасының жұл­дыз­­да­ры, Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткерле­рі Же­ңіс Сейдоллаұлы, Сем­­бек Жұ­ма­ғалиев, Рама­зан Тай­ма­нов, Қазақстанның ең­бек сі­­ңір­ген әртістері Күлән Қа­­­лым­бетова және Бақ­тияр Тай­лақбаев болды. Театр­­лан­дырылған қойы­лым арқылы сандуғаштай сың­­ғыр үнді әншінің жас ке­­зі­нің бір үзігін көрер­мен көз алдына әкелген кон­­курстың ашылуында об­лыс әкімі Нұрлыбек Нә­лі­­баев бүгінгі Сыр аспанын тербеген ән мерекесін ұлт руханиятының асқақ­та­ған сәтіне балап, бай­қау­ға қатысып отырған жас­тарға сәттілік тіледі. Ән па­­­ди­­ша­сы­ның ұлы Тәжен мен ке­ліні Маралға қазақы дәс­түр­ге сай сый-сияпат жасады.

Екі күнге созылған кон­­курста 15 үміткердің өне­­­рін саралаған қазылар ал­қа­­­сының шешімімен бас жүл­де Жамбыл облысы­нан келген Дархан Қабылға бұйырды. Қызылордалық Adajio тобы І орынға ла­йық деп танылса, ІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас әнші Қымбат Жамбылбек пен ақтөбелік Әкімжан Шакировтер ием­денді. Алматылық өнер­паздар Азамат Бекберген мен Алмагүл Батталиева, Қазалы ауданынан қатысқан Сәкен Кермеш үшінші орын алды. Батысқазақстандық Дәурен Ерман мен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ілияс Қадырбай арнайы номинация иеленді. Жалпы, жүлде қорына Қазалы ауда­ны әкімдігі мен әншінің отбасы қомақты үлес қосты.

Бұлбұл әнші атындағы конкурс гала-концертке ұла­сып, Сыр аспанын әуе­леген ән тербеді.