«Егеменнің» бетінде тіл тазалығы, сөйлеу мәдениеті туралы аз жазылып жүрген жоқ. Олардың, әрине осы бағыттағы олқылықтардың алдын алуға, кемшіліктерді түзетуге көп көмегі де тиіп жатыр. Дегенмен біздің де бұл ретте аздаған айтарымыз болып тұр.
Әңгімені алдымен жақсы жайдан бастағымыз келеді, мұны сөз еткенде өзіміздің жаңалық ашып отырмағанымызды да білеміз. Жалпы, бүгінде республикалық телеарналар жұмысында үлкен серпіліс бар дер едік. Әсіресе «Қазақстан» ұлттық арнасының, «Хабар» агенттігінің, «Балапан» арнасының ізденістері, игі істері айрықша қуантады, ерекше риза етеді. Ал қатарға кейін қосылған «Абай» телеарнасы, шын мәнінде, туған халқымыздың көзайымына айналып, ұлттық рухымызды шырқау биікке көтеріп тастаған жоқ па! Қазір «көк жәшікте» таңғы алагеуімнен бастап қалың түн ортасына дейін үздіксіз созылатын түрлі концерт, шоу және т.б. неше түрлі «қызықты» көрсетілімдермен (әрине, көрермен үшін бұлар да қажет) қатар, көрген жанның көңіл түкпірінен ойып орын алатын, санасына сәуле құятын, жанын жадырататын, жүрегін шымырлататын ойлы, парасат-пайымы жоғары бағдарламалардың, өзекті мәселелерді қамтитын сараптамалық және талдау сипатындағы хабарлардың молаюы қуантады. Халыққа жақын, көптің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ел-жұрттың қамын жеген әлеуметтік бағыттағы сапалы хабарлар санының артуы да анық аңғарылады. Сонымен бірге бұрынғыдай емес, бүгінде телевидениедегі жас қызметкерлер арасында бір шоғыр жаңалықты, оқиғаны өрнекті ойымен, түсінікті сөзімен жеткізе білетін, шешен сөйлейтін тележурналистер, жүргізушілердің қатары қалыптасып қалды. Олардың кейбірінің хабарды берудегі, көрсетудегі шеберліктері мықты деген алдыңғы толқындағы әріптестерінен де асып түсіп жататыны жалған емес.
Алайда телевидениедегі тіл тазалығын жақсартып, сөйлеу мәдениетін арттыру үшін біздіңше, әлі де қыруар жұмыс атқару керек. Мұнда сол баяғы шұбарланған қасаң тіл, ала-құла сөз, сөйлем, жарымжан жарнама «өз биігінен» түскісі келмей тұрған сияқты...
Біз соңғы бір-екі жыл мұғдарында теледидардағы осындай сөздерді түртіп алып жүретінбіз. Бірақ қазір оның бәрін тізіп, тізбелеп жатудың қажеті шамалы деп есептейміз. Өйткені 2021 жылы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Сөзтүзер».Қате қолданыстар сөздігі» (өз басымыз оны әлі көре алған жоқпыз) атты аса қажетті жинақ жарық көргенінен хабарымыз бар. Сонда келтірер мысалымыздың бәрі дерлік қамтылған шығар деген ойдамыз. Әйтсе де осы орайда кейбір ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік.
...Бірталай жыл өтті-ау дейміз, өзара әңгімемізде, әсіресе, теледидардағы хикаяларда «Жаным сол» деген сөз пайда болды. Бұл қайдан шықты? Негізінде жақсы көретін адамдарымызға қарата «Жаным менің!», «Айналайын, жаным!» дейтін едік қой. Ал 2020 жылы «Шабдалы, 18» телехикаясында оны «Алтындарым сол!» әспеттепті. Оның орнына «Алтындарым менің!» деген әдемі ғой, дұрысы да осы емес пе? Қателеспесек, осыдан бір-екі жыл бұрын «Жібек» телесериалы болды.Сондағы кейіпкерлер бір-біріне қолдарын көтеріп, «Сәттілік!» дейді. Бұл орыстың «Удача!» деген сөзінің тікелей аудармасы. Әйтпесе, өзімізше «Сәттілік тілеймін!», «Ісің сәтті болсын,сапарың сәтті болсын!» деп айтудың орнына қысқа қайырған түріміз бе бұл?! 2018 жылы қаржы пирамидасы жөнінде сөз болғанда тележүргізуші әлдекімді «Күдіктелуде» деді. Дұрысы, «күдікке ілінді» емес пе екен. Бір әріптесіміз «ЭКСПО-17» көрмесіндегі этноауылға келушілер мерекенің көркін (дұрысы көрігін) қыздырды» дегенін де құлағымыз естіді...
Қазір біздің қазақтың көбі, әсіресе, жастар жағы былай деп сөйлейтін болды: «Бару керекпіз, алу керекпіз, салу керекпіз...» Ойбай-ау, турасы: «Баруымыз керек, алуымыз керек, салуымыз керек» қой! Мысал, 2020 жылы 4 желтоқсанда, басқа болса бір сәрі,бір белгілі заңгер өзіне жүгінген азаматқа теледидарда «Арыз жазу керексіз...» деп соғып отыр.
Әңгіме аяғында мына жайды да арнайы сөз еткіміз келеді. Орысша «вопрос» деген сөздің қазақша екі мағынасы барын көпшілігіміз біле бермейтін сияқтымыз. Бірінші – сұрақ, екінші – мәселе. Қазір ол көп жерде тек сұрақ мағынасында қолданылып жүр – жазбаша да, ауызша да. Мәселен, «Бүгінгі жиналыстың күн тәртібіне екі сұрақ қойылды» деп жазады... Айналайын-ау, жиналыстың қарауына сұрақ емес, мәселе қойылады ғой!
Кейбір үлкенді-кішілі шенеуніктер де халық алдында сөйлегенде «бұл сұрақты осылай шешеміз» деп сайрай жөнеледі...
Қазақ тілінің әлемдегі ең бай, ең құнарлы, ең сұлу, ең әдемі тіл екенін әрдайым мақтан етеміз. Сондықтан оның осы керемет қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтау, жас ұрпақтың санасына, бойына бар жақсылығын, тамаша тағылымын сіңіре білу – ұлтын сүйген әр азаматтың асыл парызы. Ендеше, осы мақсат жолында тілдік қорымыздың күш-қуатын, әлеуетін барынша толық пайдаланып, дұрыс жаза білейік, түсінікті сөзімізбен тура, сөйлей білейік. Бұл да, сөз жоқ, мәдениеттіліктің, білімділіктің белгісі. Ол үшін «Абай» телеарнасындағы «Сөзтаным» сияқты хабарларды, бағдарламаларды көбейтіп, басқа да сан түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланғанымыз жөн. Осы орайда қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын ұстаздар да ауқымды жұмыс атқара алар еді.
Сонда ғана «жұмыс істеуді» «жұмыс жасаумен» алмастырмай (осылай жазамыз да, айтамыз да...), «Өткінші қар жауады...», «Италияда аптап ыстық орнады...», « Назар бөледі...», «Қызмет жасап отыр...» деген тәрізді мүгедек сөйлем, сөзден арылып қалармыз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Алматы облысы,
Қарасай ауданы