Кейде адамның тағдыры өз есімімен сәйкес келеді. Әрине, ол – сирек кездесетін құбылыс. Мыңдарға бұйырар бақ. Әйтпесе, талай дүр есімді иеленгенмен, иленіп жүргендер қаншама?! Біздің кейіпкеріміздің атын кім қойса да, аузы дуалы адам қойған. Асылболат десе, асыл болат. Жә, сөзді көп созбайық. Ендігі әңгіме – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, арқалы актер, әнші, суретші Асылболат Смағұловтың «Бекежан» рөлі жайында. Кезінде осы рөліне атақты актер Кәукен Кенжетаев: «Низкий поклон и огромная благодарность молодому актеру воплотившего, в реальность роль Бекежана» деп тәнті болыпты.
Бала күнінен театр өнерін жаны сүйген талапты жас 1969 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның театр бөліміне оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберлік сыныбына қабылданды. Төрт жыл бойы білікті маманнан тәлім алды. Әне-міне дегенше, оқу да тәмамдалуға жақын. Жас актерге Атырау театрынан ұсыныс түседі. Пәтердің де дайын екендігін айтады. Бірақ ол жаңадан ашылған Арқалықтағы жаңа театрға баруға бел байлайды. Торғай облысы енді ашылған кез. Жан-жақтан жиналған жалынды жастар. Қазақ руханиятының қамқоры Өзбекәлі Жәнібеков іргесін қалаған өнер ордасының аты лезде тарады. Бірінен-бірі өткен талантты жас актерлер легі келді. Бүгінде театр өнерінің тарландарына айналған Мейірман Нұрекеев, Жанат Хаджиев, Шолпан Байғабылова секілді дарындардың алғашқы өнер жолы сонда басталды. Солардың арасында алмас қылыштай жарқылдап Асылболат аға жүрді. Онда дарынды актердің даралығы бірден байқалды. Жаңа театрдың шымылдығы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман - Шолпан» пьесасымен түрілді. Онда жас актер Әлібектің рөлін ойнап, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Арқалық театрында он жылға жуық талмай еңбек етті. Есімі елге танылды. Облыс басшысы Еркін Әуелбековтің өзі жақсы көрді. Торғай елі жалынды жасты қыранша түлетті. Облыс жабылғасын Серке Қожамқұлов атындағы театр ұжымы толықтай Жезқазғанға көшті. Біздің кейіпкеріміз де сол театрмен Қаныш Сәтбаевтың ізі қалған шаһарға қоныс аударды.
Жезқазғанда да аталған өнер ордасының туы биік болды. Дарынды режиссер Жанат Хаджиев сахналаған көрнекті қаламгер Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін жұртшылық жоғары бағалады. Бірде театр ұжымы гастрольдік сапармен Алматыға барады. Бес-алты қойылым ұсынады. Солардың көбінде бас кейіпкерлерді Асылболат Смағұлов ойнады. Әсіресе «Қыз Жібек» қойылымын көрген көрермендер актерлер өнеріне риза болды. Ұзақ уақыт қол шапалақтап құрмет көрсетеді. Залдың бәрі де «Браво, Бекежан!» деп шулап кетеді. Шын мәнінде, бұл бейне арқалы актердің өнердегі бағын ашты. Оң жамбасына дәл келген рөл болды. Сол кезде Кәукен Кенжетаев сахнаға шығып, жоғарыда келтірген пікірін айтқан екен. Бір ғана Бекежан рөлімен Смағұлов Алматыдағы театр тарландарын мойындатты.
Осыдан біраз жыл бұрын меценаттардың республикалық «Тарлан» сыйлығына ұсынылған кезде, көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Асылболат «Тарлан» сыйлығын алса да – тарлан, алмаса да – тарлан». Өнер жолында сахналық һәм экрандық тұлғаларды сомдауда аса талантты екендігін үнемі дәлелдеп келе жатқан ұшқынды актер. Операда Бекежанды Кәукен Кенжетаев, кинода Асанәлі Әшімов қалай сомдаса, драмадағы Асылболаттың Бекежанынан әлі ешкім аса алған жоқ. Образ психологиясын тереңдей ұғынып, кейіпкер мінез-құлқының нәзік иірімдерін мөлдірете аша білер арқалы суреткердің шығармашылық орны бөлек» деп лайықты бағасын берген.
Талантты актер 1998 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрына қызметке орналасып, біртуар режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен жолы тоғысты. Әзекең елордалық театр сахнасында «Қыз Жібекті» қойып, Бекежан рөлін Асылболатқа ойнатады. Содан соң сахнада Балуан шолақты сомдады. Басқа да рөлдерді бейнеледі.
Асылболат аға − сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Қасиетті домбыраны пір тұтады. Кей-кейде көкірегі мұңға толғанда Абай әндерін шырқайды. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп хакім атамыз секілді күңіренеді. Гитара мен баянды да бұлбұлша құйқылжытады. Бірқатар көркем фильмге түсті. Суретті де келістіріп салады. Ғажайып сыр тұнған картиналары кәсіби қылқалам шеберінен еш кем емес. Туындыларынан өзінің табиғаты көрініп тұрады. Мен ол кісіні көрген сайын ойымнан жазушы Мұхтар Мағауиннің «Әбдіғапар сері» атты әңгімесі шықпайды. Халқымыздың ғажайып серілік дәстүрін ұстаған керім азаматты Кеңес өкіметі табанға салып, таптайды. Сонда бас кейіпкердің: «Біз Ақан бола алмадық. Сән-салтанат құрып жүре алмадық», деп көкірегі мұңға толады. Асылболат ағаның да жаны Әбдіғапар серімен ұқсас. Бәрібір, ол кісі сахнада ғана емес, өмірде де Бекежан − болмысты тұлға екендігін түсінесіз!