• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Сәуір, 2022

Мақсат Толықбай: Халықтың талабы орындалды

253 рет
көрсетілді

Бір ауданның әкімі бір күннің ішінде 50 мың үйді аралап шыға ала ма? Бұл физикалық тұрғыда мүмкін емес. Adal партиясы сайлауалды бағдарламасында «Цифрлы аудандарды дамыту» деп аталатын платформа әзірледі. Мұны осы уақытқа дейін Тәуелсіздіктің 30 жылдығында бірде-бір партия жасай алмаған еді.

Онда Қазақстандағы бүкіл ауданның бюджеті ашық көрсетілді. Қай ақша қайда жұмсалып жатқаны жарияланды. Бұған көпшілік таң­ғалды. Әрбір адам үйінде отырып-ақ проблемаларды ашық көрсете алады. Оның бәрінің тізімі әзірленіп қойылған болатын. Лайк басу арқылы қоғамның назарын аударатын негізгі мәселе алға шығады.

Екіншіден, ауылға не жетіспейді? Қоғамдық орта керек, есту қажет. Оған да дауыс керек. Бұл бизнес ашқысы келетін азаматтарға да үлкен мүмкіндік. Осындай өте тиімді цифр­лы жобалар жасалған еді. Алайда мұны жүзеге асыруда қиыншылыққа тап келдік. Өйткені қолымызда қажетті ресурс болған жоқ. Келесі сайлау қашан өтеді? Оған Adal партиясы қажетті дауысты жинай ала ма?

Өзекті мәселелерді фейсбукте отырып жаза беруге болады. Бірақ халыққа өзгеріс ертең емес, дәл қазір керек. Сондықтан біз жоспарымыз бен идеяларымызды жүзеге асыру үшін Amanat партиясына қосылуға шешім қабылдадық. Біріншіден, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Екіншіден, бұл биліктің бізбен санасуы, Adal партиясының популизммен емес, нақты талдаумен айналысатынына көзі жеткендігі деп ойлаймын.

Өйткені бұған дейінгі сайлауалды бағдарламасында жазғанымызда, телеарналарда айтқан сөздерімізде халықтың мұң-мұқтажын жоқтауға тырыстық. Мысалы, ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысты Adal партиясы айтқан болатын. Сондай-ақ жеке тұлғалардың банкроттығын мойындау мәселесін де біз көтердік. Сайлау алдында өңірлерді толықтай дерлік аралап шықтық. Халықтың тең жартысының табысы 50-60 мың теңгеден аспайтынына куә болдық. Осындай біз көтерген мәселелер тура­лы Президент өз сөзінде айтқан-ды.

Сонымен қатар ауыл шаруашы­лығымен айналысатын тұрғындарға арналған арнайы жобамыз бар. Ол шаруалардың ісін дөңгелетуіне көмектеседі. Бірақ мұны жүзеге асыруға қаражат жетіспейді. Сондықтан идеяларымызды жүзеге асыру үшін қосылып отырмыз. Бізді шын қолдайтын, Adal-ға дауыс берген азаматтар қуанады әрі қолдайды деп ойлаймын. Өйткені бұдан кейін сол ойларды, идеямызды жүзеге асыра аламыз. Парламентте үніміз естіледі. Заң жобасын әзірлеуге атсалысамыз.

Президент Конституциялық реформа туралы да айтып өтті. Бұл – ауқымды бастама. Жаңа Қазақстан қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұр. Жаңа Қазақстанның ескі Қазақстаннан айырмашылығы неде? Ең бірінші, бұл жасалатын саяси-экономикалық реформаларға байланысты. Оның басында, әрине, Конституцияға енгізілетін өзгерістер тұрады. Жаңа құжатта 30-дан астам бап өзгертілмек. Президентке, сайлау жүйесіне, Парламентке қатысты баптарға өзгеріс енгізіледі. Яғни халықтың көптеген талабы орындалып жатыр. Сең қозғалғандай әсер етті. Жаңа Қазақстанды науқаншылдыққа айналдырмау қажет. Нақты істерді қолға алып, нақты қадамдарға көшу керек. Бұл іс – соның басы.

 

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ,

Amanat партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары