Бүгін болмақшы «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстелдің қарсаңында осы іс-шараға себепкер болып отырған ғалым – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевпен кездесіп, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Кәрімбек аға, әуелі жақсы жаңалықтардан бастасақ?
– Ең бірінші үлкен жаңалық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесінің қайтарылғаны. 2003 жылы қоғамдық бірлестік болып қалған-тын бұл академия. Басшымыз Мұрат Жұрынов академияны 19 жыл бойы бір тиынсыз басқарып келді. Осындай жағдайда жүріп мемлекеттік мәртебе алғанына ғылыми орта бөркін аспанға атқанын айтқым келеді. Ғылым саласы сала болудан қалып еді ғой. Әр министрліктің 5-6-дан ғылыми зерттеу институты бар. Ғылымға құйылуға тиіс қаражат сол министрліктерге бөлініп келді. Ол бір деңіз. Одан кейін әр мекеме «бас-басына би болып» әртараптанғаннан не болады? Жауапкершілік жоғалады. Сондықтан мынадай алмағайып заманда ғылым саласы бір орталықтанғаны өте құптарлық іс, қуанышты жағдай. ҰҒА президентін Мемлекет басшысының өзі бекітетіндіктен, мәртебесі жоғарылайды және жауапкершілік күшейеді.
Екінші жаңалық – Президент Тоқаев гуманитарлық салаға үлкен бетбұрыс жасады. Ұлттық мәнге ие тіл білімі, әдебиет, тарих, археологиялық ғылыми-зерттеу институттарын грантқа телміртпей, мемлекеттік тапсырыстан ақша қарастырылатын болды. Гуманитарлық институттардың бәріне мемлекеттен ақша бөлінеді енді. Бұрын бір грант ұтса, соны сексен адам бөліп алатын. Грантқа ие болмағандар жұмыссыз қалатын еді. Қазір бұл мәселе түбегейлі реттелді.
Үшінші жаңалық – жастарды ғылымға тарту мәселесі шешілді. Бұған дейін бұл өте қиын проблема-тұғын. Жобаға қатысқандар арасында адами факторлар ойнап кетіп, гранттарды көбіне академиктер иеленіп, жастар жолдан қағылатын. Қазір жаңа заң бойынша олардың өз гранттары бар. Шетелге оқытатын 500 грант жеке бөлінген.
– Бүгінгі жиыннан не күтеміз? Кезекті жиынның бірі болып қалмай ма өзі?
– Қазақ тілін мемлекеттік тұғырына қондырамыз деген мәселенің бәрі бекер болып шығады, егер ғылыми негіз жасалып, сол бойынша әрекет етпесе... Сондықтан Ұлттық Ғылым академиясы мен Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бірлесіп, «Қазақ тіл білімінің бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, осындай көкейкесті мәселе көтеріп отырғаны өте орынды. Кеше ғана Президент Жолдауында да айтты, «қазақ тілін жаңғыртуымыз керек» деп. Сол жаңғырту жолында не істеліп жатыр, нені қолға алуымыз керек? Құр сөз айтқанмен бірдеңе жүзеге асып кетпейді ғой. «Қазақ тілі қашан ғылым тіліне айналады?» деген қоғамдық пікір қазір қайнап тұр. Жалпы, қазақ тіл білімінің жағдайы және болашағы сөз болмақшы бұл отырыста. Өйткені біздің Ұлттық Ғылым академиясы жыл сайын Президентке Қазақстанда ұлттық ғылымды дамыту бойынша баяндама жасайды. Сол ұлттық баяндаманың тіл білімін дамыту бойынша жұмысшы тобының жетекшісі академик Зейнеп Базарбаева да қатысады шараға. 2021 жылдың аяғында Президентке ұсынылған жалпы ғылым саласының ішінде тіл ғылымының қазіргі жағдайы мен болашағы деген тақырыпта үлкен мәселелер көтерілді. Онда қазақ тілін ғылым тіліне қалай айналдырудың негізгі тетіктері әлемдік тілдік ахуалмен салыстыра отырып әзірленді. Соның негізі осы дөңгелек үстел барысында талқыланатын болады.
Қазір қазақ тілінің терминологиясы тығырыққа тірелді. Әркім қалтасынан термин шығаратын болды. Бірізділік керек қой. Тілдік қорымызды пайдалану арқылы дамыту керек сөз қолданысымызды. Тілді шұбарламау қажет. Бұл тұрғыда халықаралық терминдерді аудару да күйіп тұрған мәселе. Мысалы, телеграмманы жеделхат десек, телефакс, телетайптар аударылмай қалды, неге аударылмайды олар? Мейрамхана ресторанның тікелей аудармасы бола алмайды. Дәлдік керек. Осы жөнінде терминолог ғалым Шерубай Құрманбайұлы баяндама жасайды. Бұрын морфологияның құрамында қаралып келген сөзжасам саласының қалыптасуы, дамуы, болашағы туралы мен өзім баяндама жасаймын. Тіл мәдениетін дамытуға негіз болатын – сөзжасам. Қазір ақпарат құралдарында кім қалай сөйлегісі келсе, солай сілтейді. Әсіресе телеарналардағы жүргізушілердің сөздеріне қайран қаласың. Сосын әзілкештеріміз шығып алып, күлдіреміз деп бүлдіретінін білмейтін сияқты. Сондықтан бұл жерде ғалымдар арасында еркін талқылау жүреді.
– Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алуы жолында әуелі ғылыми негіздеме керек деп жүрсіз. Сол ғылыми негіздеме бар ма бізде? Бар болса неге жемісін бермей жүр?
– Бар. Том-том кітаптар шықты, бірақ оқитын адам жоқ оны. Неге? Өйткені қазақ тіліне қажеттілік жоқ.
– Қажеттілікті қайтсек тудырамыз?
– Қажеттілік мемлекеттік тіл билік тілі болғанда туады. Президент Әкімшілігінен бастап, Үкімет кеңсесі, Парламент, министрліктің бәрінде бірінші қазақ тілі салтанат құруы керек. Бір мысал айтайын, 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім департаментінде директор болып тұрғанымда Президент Әкімшілігінен тапсырма түсті. «Жоғары жаққа жолданатын іс-қағаздар, ресми хаттардың бәрі мемлекеттік тілде жіберілсін. Орысшасы қосымша жүрсін» деген. Жұрттың бәрі тыпырлап қалды. Қазақ тілді қызметкерлердің айдарынан жел ескені есімде сонда. Кәдімгідей беделі өсіп қалды мемлекеттік тілді білетін кадрлардың. Министрліктегі 12 департаменттің абыройлысы біз боп шыға келдік, қазақ тілді болғандықтан. Солай бір жылға жуық уақыт өтісімен, «мұнымыз болмайды екен. Әуелі орысша болсын, қазақшасы қосымша жүрсін» деп шыға келді. Бітті, таз қалпымызға қайта түстік. Ең бірінші мәселе – билік тіліне айналдыру. «Депутаттар қазақ тілін білмейді» деген әншейін сөз. Бес-алты сөйлем антты жаттап айта алмайтындар халық қалаулысы болып қалай сайланады?! Онымен қоймай, халықтың мұң-мұқтажын мінберден жеткізеді деп ел сенім артқан депутаттарға қазақ тілін үйрету үшін миллиардтар бөлініп жатқанын білесіз бе? Бұл сұмдық емес пе?! Ел аманатын арқалап, халық атынан сөйлеуге тиіс адам мемлекеттік тілді білмесе, депутат болып сайланбауы керек.
Конституция өзгерейін деп жатыр, Конституциялық Кеңес емес, сот болмақшы. Бір үмітіміз осы. Бұған дейін қалай шырылда, олай шырылда – бәрібір еді. Конституциялық құқық тапталып жатқан соң ештеңе өнбейді. Өйткені сот жоқ-ты. Конституциялық Кеңеске Президент, Парламент, Үкімет қана хат жолдай алатын. Енді кез келген адамның конституциялық сотқа жүгінуіне болады.
– Кеше ғана бір әріптесім «Egemen Qazaqstan» газетіне Президенттің жастар кадрлық резервіне енген жастардың көбі ана тілін білмейтінін жазып, мәселе көтерді...
– Президент стипендиясына «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастарға қазақ тілін білуді міндеттемеген. Ағылшын, тағы басқа тілдерді білу міндет, ал қазақ тілі міндет емес. Ағылшын тілінен тест тапсырғанда сынақтан 5 емес, 6-7 балдық шкала көрсеткенде ғана өтеді. Ал қазақ тілін тым құрығанда ауызекі деңгейде меңгеру міндеттелсе де болатын еді ғой. Соны алдырып тастады. Күлекеевтің кезінде «Болашақ» бағдарламасының талаптарына енгізу керек деп айтқанбыз. Сонда «жоқ, болмайды. Басқа ұлттардың құқығы бұзылады» деген жауап алдық.
– Бұдан асқан сорақылық бола ма?
– Бұдан асқан сорақылықтар да бар! Қазақ балабақшасы не, орыс балабақшасы не, бәрі орысша шүлдірлеп жүр. Аралас мектептер үлкен ахуал тудырып тұр. Мәселен, аралас мектептерде орыс сыныбында оқып жатқандардың 63 пайызы өзіміздің қазақтар. Бұлар таза орыс болып шығады. Негізгі басымдықты мемлекеттік тілдегі мектептерге беру керек. Қазір салынатын білім ошақтарының бәрі мемлекеттік тілде оқытатын қазақ мектептері болуға тиіс. Қазақ тілінің түбіне жететін – аралас мектептер. Ахмет Байтұрсынұлы 1925 жылы «аралас мектептің санын арттыру, бұл – ұлт ретінде жоюдың бірден бір жолы. Бастауыш мектепке баратын әрбір бала тек өзінің ана тілінде білім алуы керек» депті. Менің ұстазым, академик Шора Сарыбаевтың сөзі бар: «қазақ балабақшаларының санын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді», деген. Мен өзім негізі шет тілі маманымын. Қазақ-неміс тілдері салыстырмалы грамматикасымен жұмыс жасап, жоғары оқу орындарында неміс тіліндегі тұңғыш қазақ тіліне арналған оқулықтың авторымын. Мұндағы айтпағым, мен үштілділікке қарсы емеспін. Алаш арысы Халел Досмұхамедұлының тұжырымды ойы бар: «Қазақ тілін біліп тұрып, орысша сөйлесең – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең – күйініш», деген. Мен де осы ұстанымдамын.
Тағы да қайталап айтамын, қазір екі қазақтың бірі шет тілін меңгеріп алды. Өздеріне керек болған соң. Қазақ тілін білмейді, бірақ. Неге? Өйткені қажеттілік жоқ. Сол себепті, бірінші – билік қазақша сөйлесін. Екінші – біздің алтын қор саналатын «Болашақ» бағдарламасымен оқитындарға қазақ тілін міндеттеу керек. Үшінші – аралас мектептерден гөрі мемлекеттік тілдегі мектептерге басымдық берілуі керек. Осыны айтқан білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлына алғыс білдіруге әзірмін.
– Осы жерде сұрақты төтесінен қойғым келеді. Жаңарған Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін не істеген дұрыс деп ойлайсыз?
– Бәрін басынан бастау үшін мемлекет тіл туралы жеке заң қабылдап, жоғарыдағы ұсыныстың бәрін соған енгізу керек. Қазір сәл-сәл сең қозғалған секілді. Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілінен тест тапсыру қолға алынып жатыр екен. Бірақ ол көп нәрсе шешпейді. Бұрын да тапсырып келген, бірақ одан алған балы жалпы есепке алынбаған.
Қоян деген жәндік бар. Денесінен бас салсаң, аяғымен тепкілеп, қол-аяғыңды қызыл-ала қан қылады. Оны тек құлағынан ғана ұстауға болады. Сонда тырп етпейді. Сол сияқты тіл мәселесіне келгенде жалғыз-ақ амал – құлақтан басу, яғни міндеттеу. Қажеттілік тудыру. Мысалы, Президенттің жастар кадрлық резервіне өту үшін қазақ тілін білу міндетті немесе тест тапсырсын десін, амал жоқ үйренеді бәрі.
– Соңғы сұрақ, жақында Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі болыпсыз, не тындырам деп бардыңыз онда?
– Мұнда бірінші кезекке қойғаным – елордадағы аралас мектеп мәселесі. Бұл деген масқара екенін жоғарыда айттым. Қазақ балаларының 54 пайызы ғана қазақша, 44 пайызы орысша оқиды. Оның ішінде аралас мектептегі орысша оқитын қазақтардың саны – 63 пайыз. Осылай кете берсек не боламыз? Осының түбіне жетпей қоймаймын. Сосын көп ауысымды мектептердің санын қысқартуға үлес қосу. Мектеп жетпей жатыр деген өтірік. Депутаттарды қазақша оқытуға бөлінетін миллиардтарды қазақ мектептерін салуға бұрса жеткілікті. Әу баста үйренбеген оларды неменеге тәрбиелемекпіз?
– Осылай ой бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рахмет, аға.
Әңгімелескен
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»