Биыл атақты актер, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов 85 жасқа толады. Қазақ театры мен киносына ерекше еңбек сіңірген өнер корифейінің елдік тойы туған жерінен бастау алды. Абыз Асанәлі көне Тараз шаһарына келіп, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында көпшілікпен кездесті.
Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқпановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ келушілермен бірге театрдың фойесінде ұйымдастырылған Асанәлі Әшімов музейін тамашалады. Айтулы тұлға өнер туралы, өнердегі достары туралы ұмытылмас естеліктерімен де бөлісті.
Өнер иесінің мерейтойына орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Халық әртісінің шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театрының актерлері Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты поэтикалық драмасын сахналады. Аталған қойылым Асанәлі Әшімовтің қилы тағдыры мен шығармашылығына арналған. Сахнада қойылған шахмат тектес алаң үстінде шым-шытырық, қым-қиғаш тағдыр баяндалады. Қатар жүретін бақ пен сор, өкініш пен үміт сияқты дүниелер көрерменді абыз Асанәлі әлемімен жақын таныстырды. Сол шахматтың тақтасында Шәкен Айманов, Нұрмұхан Жантөрин, Асқар Тоқпанов, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов және өзге де көрнекті тұлғалардың бейнелері асқақтап көрінді. Жалпы, бұл драма тұлғаның күнделіктері мен естелік жазбаларын қамтиды. Сондай-ақ мәңгілік сағынышқа айналған зайыбы Майра Айманова, өмірден ерте кеткен қос ұлы Мәди мен Сағи Әшімов бейнелері де көрініс табады. Сахнадағы Асанәлі олармен мұңдасады, сырласады. Қойылымды белгілі режиссер Жұлдызбек Жұманбай сахналаған. Ал қарапайым Асанәлі рөліндегі Қуаныш Құдайберген, актер Асанәлі рөліндегі Қасымбек Демеуов, Майра рөліндегі Назерке Ноғайбаева сияқты актерлердің ойындары да көпшілікті бейжай қалдырмады. Сағи мен Мәди рөлін сомдаған Мұхтар Қосыбай мен Мадияр Жолдасбек те талантты сахнашеберлері екенін танытты.
Бұдан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Асанәлі Әшімовті келе жатқан мерейтойымен құттықтап, актердің еліміздің рухани-мәдени өміріне қосқан зор үлесін атап өтті. Сондай-ақ жамбылдық жұртшылық та біртуар тұлғаға деген ықыласын жеткізді.