Батыс Қазақстан облысында жергілікті жастар басқармасының ұсынысымен 18-22 сәуір аралығында «Ұлттық құндылықтар апталығы» өтті.
Апталық аясында өткізілген іс-шаралар облыс орталығында салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрыптарымызды, ұлттық спорт түрлерін, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, мерекелік ән-шашуға толы болды.
Мысалы, аптаның бір күні Мұрат Мөңкеұлы көшесіндегі саябақта тұрғындар арасында асық ату, арқан тартыс сынды ұлттық ойындардан жарыс өтті. Осы жерде мерекелік ән шашу да ұйымдастырылды. Спорттық сайыста жеңімпаз болған белсенді жастарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Ал Дина Нұрпейісова көшесінде жастар гір тасын көтеру мен қол күресінен сынға түсіп, Gracia шығармашылық шеберханасы ұлттық бұйымдардан көрме ұйымдастырды.
20 сәуір күні Рухани жаңғыру музейінде тақия тігу мен құрақ құраудан шеберлік сағаты өткізілді. Оралдың шебер қыздарды көзді арбайтын көркем өнердің құпияларымен бөлісті.
Ең қызықты шараның бірі 21 сәуір, жұма күні өтті. Орал қаласындағы ең ұзақ бағыт – Сарытау-Ет комбинаты аралығында жолаушы таситын №2 автобусы «Жұмадағы жақсылық акциясы» аясында жолаушыларды тегін тасыды әрі Рамазан айының құрметіне «Жарапазан» әні шырқалды.
Осынау мағыналы да мәнді іс-шараларды ұйымдастыруға «Ақжайық жастары», «Орал жастары», «Шабыт» мектептен тыс орталығы, «БҚО қазақ күресі» қауымдастығы, Fawaid.KZ дүкені ұжымы, т.б. атсалысты. Бұл күндері Орал қаласының халық көп шоғырланған жерлерінде қала тұрғындарына ұлттық салт-дәстүр жайында түрлі сұрақ қойылып, түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.