Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Шахимардан Әбілевтің есімі жалпақ жұртқа жақсы таныс. Жақында дарынды өнерпаз жерлестеріне, яғни павлодарлықтарға тамаша тарту жасады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және «Абай жолы» романының 80 жылдығына орай «Абай жолы: ой-толғау» атты моноопераның премьерасы өтті.
Бұл – ел тарихында Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовке арналған тұңғыш моноопера. Өнер кеші 2 бөлімге бөлінген. «Абайға тағзым» атты алғашқы бөлімде ұлы ағартушының «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Сегіз аяқ», «Қарашада өмір тұр» сияқты бірнеше әні шырқалса, «Абаймен сырласу» бөлімінде Абай өлеңдеріне арналған вокалдық топтама және өзге де өлеңдері орындалды. Жалпы, өнер кешінде Абайдың 15 шығармасы ұсынылды.
Павлодар қаласындағы облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның концерттік залында өткен кешке жиналғандар терең ойға беріліп, әр туындыны үнсіз тыңдады. Кеш соңында ғана орындарынан тік тұрып, ду қол шапалақпен алғыстарын жаудырды. Шахимардан Әбілов: «Көрермендерден күткенім де сол. Аудитория Абай лирикасының көмегімен ойланып, тазаруы керек», деп кештің мақсатын айқындап берді.
– Бүгінде Абайды оқитындар аз. Оның философиясына сенбейтіндер де бар. Абай – планетарлық ауқымдағы тұлға. Біз ойлануға жиналдық. Абайдың өзі айтқандай, негізгі мақсатымыз – жастарды ағартушылыққа үндеп, оларға көмектесу, – деді Ш.Әбілов.
Дарынды вокалшы өзінің «музыкалық ойларымен» ең әуелі жерлестерін сусындатуды көздеген. Осы ретте өнер кеші облыс орталығында ғана емес, Екібастұз қаласында, Баянауыл және Шарбақты аудандарында да ұйымдастырылды. Ал 18 мамырда Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында қойылады деп күтілуде.