Бір матчта – жеті гол
Кеше УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы жартылай финалдық матчында «Манчестер Сити» өз алаңында Мадридтің «Реалын» қабылдады.
Төреші белгі берген бетте бірден алға ұмтылған ағылшындар екінші минутта есеп ашты. Рияд Марездің берген добын Кевин Де Брюйне баспен ұрып, қақпаға сылқ еткізді – 1:0. Арада тура тоғыз минут өткен соң Габриэль Жезус оң жақ бұрышты дәл көздеді – 2:0. Тек бірінші кезең бел ортадан асқаннан кейін ғана қонақтар естерін жия бастады. 33-минутта Ферлан Мендидің берген добын Кәрім Бензема қақырата теуіп, нысанаға дәл түсірді – 2:1.
Екінші кезең де «Манчестер Ситидің» дамылсыз шабуылымен басталды. 53-минутта Фил Фоден мергендік танытты – 3:1. Алайда мадридтіктер еш сасқан жоқ. Көзді ашып-жұмғанша бірнеше қорғаушының арасынан сытылып шыққан Винисиус Жуниор есеп айырмашылығын қысқартты – 3:2. 74-минутта Бернарду Сильва керемет гол соқты – 4:2. 81-минутта «Реалдың» шабуылынан кейін доп Аймерик Лапорттың қолына тиді. Төреші еш ойланбастан 11 метрлік нүктені меңзеді. Бенземаның соққысына Тибо Куртуа тосқауыл бола алмады – 4:3. Енді қарымта матч 5 мамырда Мадридте өтеді.
Ширек финалға шықты
Бұл күндері Нью-Делиде 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы әлем чемпионатының Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтуде.
D тобында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы қатарынан екі кездесуде жеңіске жетіп, көздеген мақсатына қол жеткізді. Тұсаукесер ойынын Индонезиямен өткізген жерлестеріміз оларды ойсырата ұтты. Келесі күні Шри-Ланкамен шеберлік байқасты. Алғашында Даниэль Тазабеков Кадер Басхитке бас көтертпеді – 6:2, 6:1. Одан кейін Tennis Europe (TE) рейтингінде көш бастап тұрған Заңғар Нұрланұлы Литу Джабандудың тас-талқанын шығарды – 6:2, 6:0. Жұптық сайыста Қазақ елі намысын Заңғармен бірге Дамир Жалғасбай қорғады. Бұл бәсекеде де жас өрендеріміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.
Кеше отандастарымыз Пәкістанмен күш сынасты. Бұл ойын бізге аса маңызды емес. Өйткені Индонезия мен Шри-Ланканы шаң қаптырғаннан кейін-ақ, қазақстандықтар плей-офф жолдамасына иелік етті.
«Ордабасы» көш бастады
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының сегізінші туры өз мәресіне жетті. Осы кезеңдегі алғашқы екі кездесу Шымкент пен Қостанай қалаларында өтті.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда «Ордабасы» «Қайратты» қабылдады. 11-минутта қонақтардың қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Нүктеге келген Елхан Астанов нысананы дәл көздеді. 30-минутта Артур Шушеначев таразы басын теңестірсе, 52-минутта Серж Ньюадзи кездесудің соңғы нүктесін қойды – 2:1. Осы жеңістің арқасында ұпай санын 14-ке жеткізген «Ордабасы» жарыс кестесінде бірінші орынға шықты.
«Тобыл» мен «Астана» арасындағы бәсеке де өте тартысты өтті. Алаң иелерінің сапындағы черногориялық легионер Жарко Томашевич бірінші кезеңде есеп ашты. Үзіліске санаулы секундтар қалғанда қостанайлықтардың екінші голды соғуына тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ Игорь Сергеев 11 метрлік нүктеден мүлт кетті. Есесіне астаналықтар 55-минутта есепті теңестірді – 1:1. Бұл голдың авторы – Педру Эуженио.