Ұсталған азамат талайдың ақшасын жымқырған қылмыстық топтың негізгі мүшесі болған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Криминалдық полицияның мәліметінше, 1993 жылы туған К.есімді азамат қазақстандықтарды алдап келген бірнеше қылмыскермен бірлесіп жұмыс істеген.
«Мәселе азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстыратын телефон алаяқтары туралы болып отыр. Одан әрі олар, өздерінің атынан біреу онлайн несие бермекші екендігін хабарлайды. Егер жәбірленуші қулыққа түсіп қалса, онда қоңырау шалушы жинақты «резервтік шотқа» аударуды ұсынады, осылайша қылмыскер басқа адамдардың ақшасын өзіне аударып отырған. Дәл осындай «резервтік шоттарды» К.есімді азамат қамтамасыз етті. Дәлірек айтсақ, ол адамдарды тауып, олардың карталары арқылы ақша алуды ұсынып, осы арқылы қомақты қаржы алуға болатынын анықтап отырған. Рұқсат етілген тінту кезінде күдіктіден әртүрлі екінші деңгейлі банктердің 157 картасы тәркіленді», деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков.
Сонымен қатар жалдамалы пәтерде К.есімді азаматпен бірге тағы үш ер адам ұсталды. Олар 23 және 25 жастағы Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан келген азаматтар.
«Бұл адамдардың міндеттеріне карточкаларға түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру кірді. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған азаматтардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. Кінәлілер жауапқа тартылып, азаматтардан ақша алудың тізбегі толықтай белгілі болады», деді Берік Әбілбеков.
Аяна Тоғанбек