• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Сәуір, 2022

Автомобиль өндірісі: Отандық өнімге өзге елден сұраныс бар

353 рет
көрсетілді

Қазақстанда автокөлік мәселесі кейінгі үш онжылдықта түбегейлі шешімін тапты деп айта алмаймыз. Тұтынушыларды бәрінен бұрын қос бүйірден қысып тұрған қымбатшылық қинайды. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының өзін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық санайтындар бар. Соған қарамастан Қазақстанда автокөліктер мен ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру ісі кенжелеп қалған жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында баяндалып, отандық автоөндірістің бүгінгі хал-ахуалы, жай-жапсары айтылды.

– 2021 жылы отандық автомобиль өндірісі 93 мың бірлік­ті құрады. Бұл 2020 жылға қара­ғанда 20%-ға жоғары. Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстан аумағында 22 239 бірлік техника өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4%-ға ар­тық. Ресми дилерлердің жаңа авто­мобильдерді сатудағы отан­дық өндірістің үлесі 2021 жылы 65%-ды құрады. Бұл ретте, B және C сынды ең танымал санаттардағы отандық жеңіл автомобильдердің үлесі 75%-ды құрады, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков.

Оның айтуынша, қазақстан­дық автоөнеркәсіптің өнімі шет мемлекеттерде де сұранысқа ие. Мәселен, 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша, қазақстандық автомобильдердің экспортты 49%-ға өсіп, 12 103 бірлікті құрады. Ал 2020 жылы небәрі 8 122 бірлік автокөлік экспортталған болатын. Отандық өнімдер негізінен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Беларусь сынды мемлекеттерге экспортталды.

– Бүгінде әлемде микрочип­тер­дің (жартылай өткізгіштердің) жетіспеушілігінен автокөлік тапшылығы, сондай-ақ автомобильдер мен компоненттерді жет­­кізу бойынша логистикалық тізбектердің бұзылуы байқалады. Бұл ретте автоөндірушілер отан­дық автокәсіпорындар үшін құрамдас бөлшектерді жеткізу квоталарын ұлғайту жөнінде тұ­рақты түрде келіссөздер жүр­гізіп келеді. Соған қарамастан отан­дық өндірушілер 2022 жылы шамамен 109 мың дана жеңіл автокөлік құрастыруды жоспарлап отыр, – деді спикер.

О.Сапарбеков еліміздегі жеңіл­детілген автонесиелеу мәселесіне де тоқталды. 2015 жылдан бастап Қазақстанда же­ңіл­детілген автонесиелеу бағдар­ламасы іске қосылған болатын.

– Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2021 жылдың мамыр айына дейін бас-аяғы 82 млрд теңге бөлінді. Биыл 31 наурызындағы жағдай бойынша аталған сомаға 30 мың автокөлік сатып алынды. Қаражаттың револьверлік айналымы есебінен 162 млрд теңгеге несие берілді. Яғни өтелген сома өтініш беруші­лердің жаңа несиелеріне жұм­салады. Қолжетімді көліктердің тапшылығын ескере отырып, Үкімет жеңілдетілген авто­несие­леудің жаңа бағдарлама­сының іске қосылғаны туралы хабарлады. Бағдарлама «Халық банк», «Еуразиялық банк», Jusan банк, Bank Center Credit, Forte bank сын­ды екінші деңгейлі банктер ар­қылы іске асырылады. Соны­мен қатар ел Үкіметі биыл 15 сәуірде қаулы қабылдап, онда «Жасыл даму» операторының қара­жаты есебінен 100 млрд теңге мөл­шерінде автонесиелеудің жаңа бағдарламасы қолға алынды. Бұған қоса 30 млрд теңге мөл­шерінде автобус паркін жа­ңартуға лизингтік қаржылан­ды­ру көзделді. Бағдарламаға бұған дейінгі бағдарламаға қа­тыс­қандар да қатыса алады. Электронды кезек жасалады, – деді спикер.

Бағдарламаның негізгі шарттары: жеңіл автокөліктің 1 бірлігі үшін қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден аспауы тиіс. Бір несие алушыға екі жыл ішінде бір реттен артық несие берілмейді. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Бастапқы жарна 0%-да басталады. Автокөліктің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Қазіргі кезде бағдарламаны іске асыру үшін «Жасыл даму» АҚ қажетті қаражатты берумен байланысты рәсім жүргізілуде.

– Өткен 10 жылда біздің кәсіп­орындар ірі торапты және ұсақ торапты құрастыруды мең­герді. Қазақстан аумағында автоөнер­кәсіптің «жергілікті қамту» дең­гейі орта есеппен 33%-ды құ­райды. Ал кейбір модельдер бо­йын­ша 50%-ға дейін жетеді. Бұл ретте «жергілікті құрам» ұғымы мен «локализация» ұғымын ажырата білу қажет. Жергілікті қамту үлесін есептеудің бекітілген әдістемесі бар. Ол тек тауарлар есебінен ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы қосылған құннан да есептеледі. Мәселен, жұмыс орындары, жалақы, автомобиль жасау шығыстары. Локализацияға келетін болсақ, оған дамыған технологиялар мен басқа процес­тер, соның ішінде дәнекерлеу, бояу және құрастыру арқылы қол жеткізіледі. Шағын торапты құрастыру шамамен 1000 операциядан тұрады, – деді спикер.

Бүгінде еліміз құрамдас бөлік­тер өндірісін дамыту бо­йынша қосымша міндеттемелер бар жаңа кезеңге көшіп жатыр. Мысалы, автоөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы машинасын жасау кезінде аккумулятор, алюминий дискілер, пластикалық бөлшектер, дестелегіштер, су және май сорғылары, мотор асты рамалары, майлар сынды отандық өндірістің фильтрлері техникаға орнатылды.

– Бұған қоса, 2021 жылғы нау­рызда «Агромашхолдинг KZ» АҚ базасында автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машина­ларын жасауға арналған компонент­терді өндіру бойынша Қостанай қаласында оқшаулау орталығы пайдалануға берілді. 2021 жылғы сәуірде Саран қаласында шина шығаратын зауыттың құрылысы басталды. 2024 жылы Қостанай облысында «КАМАЗ» ЖАҚ бірле­сіп, қозғалтқыш бөлшектері мен белдемені шойыннан құю жоспарланып отыр, – деді О.Сапарбеков.

Компоненттік базаны дамыту бойынша басқа да жоспарлар бар. Мәселен, резеңке және пластик интерьер бөлшектерін, әйнек, орындық, кабина, дискілер, штамптау бөлшектерін шығару көзделуде.

– Жаңа геосаяси және эко­номикалық факторларға байланысты адамдардың көбі жаңа өндіріс алаңдарын ашу жайлы ойлана бастады. Қазақстан жаңа әрі жұмыс істеп тұрған өндіріс алаң­дарын құру бастамасына әр­­қ­а­шан ашық. Автоөнеркәсіптегі әле­ует­ті серіктестер тіпті бірқатар болашағы бар бастамаларға үміт арта тоқталды. Қазақстанда өз өндірісін оқшаулауға шешім қабылдаған инвесторлар үшін жеңілдіктер, преференциялар және басқа да ынталандыру шаралары ұсынылады, – деді спикер.