Еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін бір-бірін түстеп танығаны былай тұрсын, әрқайсысының жандүниесіндегі тылсым сезімді тілсіз ұғып, тілектері мен ниеттері бір арнада тоғысып жататын, сүттей ұйыған, ажарлы ауылды көргенде, ырысты ынтымағына дән риза болатының бар.
Етек-жеңі кең пішілген Садовый ауылы Шағалалы өзенін жиектей орналасқан. Ерте көктемде ғана арнасынан асып, бір тасып, буырқанып, бұрқанып алатын өзен жаз шыға момақан кейіпке енеді. Тойған қозыдай томпайып жатқан Бұқпа тауының омырауындағы малдың тұяғынан, соқаның тісінен аман қалған бұлқынып аққан бұлақ пен сай-саладағы еріген қар суы ұлы ағысты аңсап, құлдилай жүгіріп, Шағалалыға қосылады. Өзен суы осылай молықпақ. Жаңаша кейіпке енбек. Суы мөлдірленіп, арнасы сынық сүйем болса да сәл кеңіп, үй жыққандай екпінмен кенезесі кепкен даланы аралап, ентелей ақпақ. Өзеннің тіршілігіне қарап отырсаң, ел болмысы да дәл осылай екен деп түйсінерің бар. Әрідегі данышпан қазақ «елге ел қосылса құт» деген. Бір кезде жергілікті ұлт өкілдері саусақпен санарлық елді мекенге тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайын ат басын бұрғалы ел қарасы көбейіп, тіліміз төрге шығып, ғажайып әдет-ғұрып, салт-дәстүр уақыттың шаң-тозаңын сілкіп тастап, қайта орнықты.
Басынан бағы таймастай мықтап тұрып ірге тепті. Ақпайтын су тәрізді тоқырап қалған ортаға жылы ағыс болып құйылған соңғы көштің себезгілеген шырайы еді. Аттың жалында, түйенің қомында күн кешсе де атадан балаға мұра болып қалған ата дәстүрдің небір құнарлысын, құндысын кебежесіне салып әкелгендей етіп мұндағы жұртқа қайта табыстады.
– Сонау 1991 жылы жалғыз өзім жер таңдай келдім, – дейді Солтаншәріп ақсақал Абзалұлы. – Бұл жақта ешкімді танып-білмеймін, орыс тілінен де мақұрыммын. Заң-зәкөнінен де. Әйтеуір, атажұртқа оралсақ деген асыл арман қос қолтығымнан желеп-жебеді. Сол кездегі Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары Федор Лесняк деген азамат екен. Обалы нешік, кеудемнен итерген жоқ. Көкшетау ауданын ұсынды. Көкшетау аудандық әкімдігінде Омар Мырзагелдинов деген көші-қонға жауапты көшелі азамат бар екен, сол кісіге жолықтым. Жақсы деді. Ұсынғаны Еленовка селосы. Ол кезде кеңшар орталығы. Тұрғын үйдің мүмкіндігіне орай Моңғолиядан бет түзейтін 22 отбасын Бұлақ, Қарағай, Жаңауыл елді мекендеріне бөлеміз деп жоспарлады. Ал біз тау асып, тас басып келген ағайын бір-бірімізге қарайласып отыру үшін бөлінгіміз келмеді. Кейін осы ауданның басшысы Кәрім Жүсіпбековке жолықтық. Аруағыңнан айналайын, жанашыр жан екен. Мәселені бірден шешіп берді. Содан бері осы елді мекендеп жатырмыз. Айтпақшы, жер мәселесін шешкен соң Баян-Өлгейге бармаймын ба, ондағы жұрт мені қажылықтан келгендей қарсы алды. Көшеміз деп қомданып отырған қаншама жұрт мұндағы елдің жағдайын сұрап жатыр, мен болсам, қазақтың ең құйқалы жерлерінің бірі – жер шоқтығы Көкшетау ғой деймін.
Ақсақалдың айтуына қарағанда, бірден қазақ мектебін ашуға күш салған. Мұғалімдерді де өз арасынан тауыпты. Сол кезде елуді еңсеріп қалған Солтаншәріп ақсақалдың өзі мектепте еңбек пәнінен сабақ берген.
– Ол кезде облыстық білім басқармасы Көкшетауға белгілі көшелі азаматтың бірі Тельман Мұқышев басқарып тұрды, – дейді ақсақал. – Бір келгенінде өз қолымызбен жасаған еңбек пәні кабинетін көріп, қатты риза болғаны бар. Біздің оқу тәжірибемізді ұзақ уақыт насихаттады.
Атажұртқа келгеннен кейін мұндағы ағайынға сұрау салып, түп төркініндегі Байтайлақ батырға іздеу салған. Абақ Керейден шыққан Байтайлақ батыр заманында басқыншы жауға тойтарыс берген, ел қорғаған жаужүрек батыр болыпты. Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылының маңындағы қорымнан табылған. Былтыр батыр бабаның басына кесене салыпты. Ерлігін елге мәлім еткен. Әсіресе жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас ұрпақтың көкірегіне құйған. Өнеге ету үшін. Қайран да қайран аруақты аталардың ел қорғаған қайтпас қайсар ерлігі үлгі болуы үшін.
– Біздің қазақ қашанда достықты, бауырмалдықты, ағайын ішіндегі ауызбірлікті, ел ішіндегі ынтымақты айрықша бағалаған ел ғой, – дейді ақсақал. – Міне, отыз жыл осы елдің суын ішіп, отын оттап отырмыз. Бұра тартқан бірі жоқ. Тіпті бала екеш баланың да жүз шайысқанын естімеппін. Бұл ауылда орыс та, неміс те, украин да, белорус та, өзге де ондаған ұлттың өкілі тұрып жатыр. Достыққа сызат түскен жоқ. Ел бірлігін кәдімгі қазақтың киізүйінің шаңырағы деп есептейтін болсақ, сол шаңырақтың тіршіліктің дауылдары мен жауындарында мызғымай тұруы уық-керегенің мықтылығынан емес пе? Сол уық-кереге мына іргедегі қоңсы қонған орыс пен украин, неміс пен поляк.
Көпті көрген ақсақалдың келелі сөзін тірілтетін тағы бір азаматпен жүздесе кеткеніміз. Ол майталман механизатордың бірі – Анатолий Ломков. Отыздан жаңа асқан жігіт. Әуелі жүзіне қарап орыс тілінде амандасқанбыз. Әлгі Анатолий қос қолдап «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бергенде, ішіміз жылып қалды. Сөйтсек, Ақадыр ауылының тумасы екен, орта мектепті қазақ тілінде бітіріпті. Келіншегі Карина да, балдырған қыздары Вера мен Ира да жергілікті ұлт тілін жетік біледі.
– Тамыр дегенді білесіз бе? – деп сұрады қазақ тілін қазақтан кем білмейтін Анатолий.
Сынай қарап тұрған сияқты, әлде орыс тілінде амандасқанымды ерсі көрді ме екен.
– Білемін, – дедім мен.
– Білсеңіз сол, менің мұнда тамырларым көп. Мына Азамат Әленов жан аяспас дос, тамыр. Туған топырағымдағы бал күлкілі балалық шақты өткізген қаншама тамыр күн құрғатпай хабарласып жатады. Кейде ойлаймын, осы тамыр деген сөздің өзі тамырымыз бір деген ұғымды білдіре ме деп. Бір топырақта туып, бір жердің ауасын жұтқан соң бір ағаштың жапырағы тәрізді тамырласып кеткен жандармыз ғой. Тілді ғана емес, әдет-ғұрыпты да жақсы білемін. Соғым сойған соң араласып жүрген ағайынды омыртқаға шақырып, үлкендердің батасын аламын. Бір ауылда тұрған соң қуаныш та, қайғы да ортақ. Таяуда осы ауылда тұратын бір ағамыз өмірден өтті. Қазақ деген жоқ, бар жұрт, орыс та, неміс те, басқалары да жергілікті елдің дәстүрімен бата қылып, жерледік. Ал той-қуаныш қашанда ортақ. Өзің сыйласаң, өзіңді де жұрт сыйлайды.
Сан ұлтқа қоныс болған ауыл іргесі көркем табиғаттың сұлулығы кілкіген көрінісін көшіріп қойғандай. Өзен жағасы қалың тоғай. Беріде еңселі үйлер, бау-бақша егілетін кең албарлар, өткен қыстан қалған қоянжон маялар ынтымағынан ырысы шалқыған бірліктің бейнесіндей. Ең шетте еңселі үй тұр. Үй жанында сексеннің сеңгіріне табан іліктірген Фания әжей Мубаракшина ыңылдап ән салып отыр. Тау етегінен себезгілей соққан самал жел әжейдің достық рәуішті көксейтін әдемі әуенін Сарыарқаның кең даласына, барша қазақ еліне таратып бара жатқандай.
Татарым мен қазағым,
Астана мен Қазаным.
Достығымды мызғымас,
Ән тілімен жазамын.
Астана мен Қазаным,
Тарқамасын базарың.
Мәңгі болсын достығың,
Татарым мен қазағым.
– Жаңа ғана Көкшетаудан келдім. Ассамблея жанында татар халқының «Ғалиябану» ансамблі бар ғой. Күн аралатып дайындық өткіземіз. Біз өзіміздің әнімізбен, өнерімізбен барша халықты баурап, достық атты ұлы күштің жарқын шуағын жүректеріне құйғымыз келеді. Мынандай жерде, мынандай елде тұрған адам қандай бақытты?! Біз сол елдің мерейін әнмен көркейтіп, әнмен айшықтап жүрміз ғой. Міне, Көкшетау туралы әнді тыңдашы, құлыным.
Сұлу ән сызылып жүре берді. Бұқпаның биігінен ұшып, Бурабайды шарпып, Оқжетпестің асқарына байланып қалғандай. Ақша бұлттармен астасқан зәу биіктегі аспан астындағы ақ ниетті, адал әннің ақ шілтерін Айнакөлдің толқындары іліп алып, әлпештеп жатқандай. Туған жеріңді өзге тілде дәл осылайша сұлу сезімге орап, жан дүниесімен беріліп айтқан кезде жүрегің елжіреп, көкірек көзің нұрланып кетеді екен.
– Осыдан екі жыл бұрын сәуір айында қатты дауыл тұрып, үйдің төбесін ұшырып әкетті, – дейді Фания әжей. – Қатты қорықтым. Келесі күні бүкіл ауыл, барша жұрт бір адамдай жиналып келіп, шатырымды орнатып берді. Тіпті мектеп оқушылары да көмек қолын созды. Негізі, бала біткен мені жақсы көреді. Ара-тұра дәмі тіл үйіретін бауырсақ пісіріп беремін. Ауылдағы ең басты құндылық, арлы адамгершілікке негізделген жылы шырайлы достық екен. Біз бұған ел ішін аралап жүріп әбден көз жеткіздік.
– Біздің ауылдық округте мың жарымнан астам адам тұрады. Оның ішінде ондаған ұлттың өкілі бар, – дейді ауылдық округтің әкімі Базарбай Қосаманов. – Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тіршілік етудеміз. Ел іші тыныш, жүген бұзақ телі-тентек жоқ.
– Ұлтқа бөлінбегенмен, руға, атаға бөлініп жататынымыз болушы еді, – дедік біз бірліктің беріктігін білгіміз келіп.
Әкім әуелі ойланып қалған. Содан соң біздің сұрағымызды буынсыз жерге пышақ салғандай көрді ме, шамырқанып барып тіл қатты:
– Жоқ, жоқ атамаңыз. Мен өзім Өзбекстаннан көшіп келгенмін. Ауылдағының атын оздырайын десе, мені осы қызметке қойдырар ма еді?
Жалғыз ауыз сөзі көп жайды аңғартқандай.
Ынтымақты елдің іргесінде Шағалалы өзені ағып жатыр. Он сан жылғалармен толығып, толысып. Құтты жағалауындағы елдің жарқын көрінісі тәрізді.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы