Николай Аштема. Белгілі суретші. Жазған картиналары қазақы қанық бояуға тұнып тұрады. Әр полотносынан ұлттық рух сезіледі. Әнеки, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлап жатқан суреті қандай?! Алаш Орда тақырыбында өткен көрмеде Шәкәрімді бейнелепті. Абайды да әр қырынан зерттеген...
Сексеннің сеңгіріне келген Н.Аштема қазақтың дарқан даласын аядай ғана шеберханада отырып, кенепке түсіреді. Таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбектенеді. Суретші шеберханасы. Қабырғада майлы бояумен, акварельмен жазылған этюдтер ілінген. Сөрелері ескі кітаптарға толы. Үстел үстінде гипстен жасалған шағын мүсіндер жинақталған. Кенепке салған картиналарын бақшалап жинастырғанның өзінде бөлменің жартысын алады. Есік жақтағы бұрыштан бокс «грушасын» байқадым. Демек сексендегі ақсақал спорттан да құр алақан емес.
Николай Павлович жазып отырған картинасына көзін сығырайта бір қарады да, күміс түстес шашын саусақтарымен салалай тарап, орындыққа жайғасты. Төрде Қазақ хандығына арнаған картинасына ілулі тұр. Сөйлеп тұрған композиция; Арыстан баб кесенесінің алдында халық ақ киізге көтеріп хан сайлап жатыр. Айналасында қолдарына найза ұстап, атқа мінген батырлар. Бір шетінде абыз ақсақалдар байыппен ақ киіздің үстіндегі ханға қарайды. Полотнода суретші қарапайым халықты да бейнелеген. Халық алдында қобыз тартып Қорқыт ата отыр. Суретші қазақтардың киген киімдеріндегі әр оюды зерттеп, зерделеп барып бейнелеген. Н.Аштеманың ой ұшқырлығы, шеберлігі, қазақтың тарихына, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі осы картинадан-ақ байқалды.
– Бұл картина қазақ хандығының 550 жылдығына орай жазылған еді. Мұндай тағы бірнеше полотно бар, – дейді суретші.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жазған полотноларын жиналып тұрған жерінен алып шығып, әрбір картина туралы сипаттап айтты. Тың игеру қазақ жерінде болғандықтан картинасында әр ұлттың егістік басындағы еңбегі бейнеленген. Сонымен қатар «Наурыз мейрамы», «Жеңіске жеткендермен кездесу», «Мәңгілік өмір» атты картиналары өзінің жеке қорында сақтаулы. Бұдан өзге сериялық «Қыз Жібек пен Төлеген» атты екі картинасы бар. Бірінде екеуінің қоштасуы бейнеленсе, екіншісінде Бекежанның қолынан қаза болған Төлегеннің құлап бара жатқанын көрсеткен. Абайдың балалық шағынан кемеңгерлік шағына дейінгі аралықты жазған сериялық картиналары барын да айтты. Ол суреттерді көпшілік көрермен көрмелерден көрген де болар.
– Қазақтың тарихын, салт-дәстүрін полотноға түсіру мен үшін міндет. Ұлттық ою-өрнектер жазған картинаны аша түседі. Шабытқа шабыт қосады. Бір сөзбен айтқанда қазақ жерінде тұрып, суретші болмау мүмкін емес, – дейді Н.Аштема әңгімесінде.
Суретші бірде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын сатып алып, бас алмай үш күн ішінде оқып шыққан. Кітаптан қорытқан ойын қағаз бетіне түсіреді. Содан бастап қазақтың тарихына назары ауып, жан-жақты зерттеп, қылқаламы кенеп бетінде ойқастай бастайды. Әр тарихи картинаны бастамас бұрын сол туралы оқып, біліп алу да суретшінің тарихи сауаттылығын айшықтайды. Бірақ суретші салған суреттерін сатып нәпақа таппақ емес. Әрине, тапсырыс түсіп жатса, қол қусырып қалмасы анық.
Кәсіби суретшінің Қазақстанда тұрып жатқанына елу жылға таяды. Украинада туған ол әскер қатарынан кейін Өзбекстанда салық инспекторы болып қызмет еткен. Бірде Юрий Лебедев есімді кәсіби суретші Н.Аштеманың суретке деген ыңғайын байқап, өзіне жұмысқа шақырды. Ұсынысты құп алған ол 1989 жылдан бастап шығармашылық жолға түсіп, әртүрлі жанрда картиналар жаза бастайды. Көптеген көрмеге қатысады.
Кейінгі жылдары достарының шақыруымен Өскеменге келіп тұрақтайды. Өмірін бейнелеу өнеріне арнаған Николай Павлович мүсін жасаумен де айналысқан. Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Өскемендегі суретшілер үйі де тарайды. Ал Николай Аштема бір бөлмесіне ие болып қалған.
– Мен жаныма жақын жұмыс таптым. Отыз бес жыл болды суретшілер студиясына жетекшілік етіп келемін. Көптеген шәкірт тәрбиеледім. Өзім балаларды үйрете отырып, өзім де үйреніп жүрмін, – дейді суретші қылқаламын қайта қолына алып.
Сексенге келген Н.Аштема кейде кенебін кептіріп қойып, спортпен де айналысады. Шеберханасында гантель көтеріп, «груша» ұрады. Бұрындары арнайы спорт залда жаттықса, қазір шеберханасында жаттыға береді. Спортшы, әрі суретші ақсақалдың қазақы иісі аңқыған картиналарын облыстағы музейлерден де көруге болады.