Олар – үлкен ортаның, биік мінбердің, мәдениеттің, саясаттың, экономиканың адамы емес шығар, бірақ елдің азаматы. Ең үлкен атау да осы сияқты, тіпті. Үлкен орта, мекеменің басшысы, бәлен-түген дегеннен гөрі ел іргесін, бүтіндігін ұстап тұрған, қажет жерінде қойдан жуас, қажет жерінде ауылдың айбар-сесіне айналатын ауылдың, елдің азаматтарынан артық емес сияқты маған.
Ол – бірде Есенқұл Жақыпбектің өлеңіндегі «Біздің елдің жігіттері», бірде Есенғали Раушановтың «Мұратбергені». Есенқұлдың айтқаны – 1989-1990 жылдардағы алмағайып заманда елді басынып, билеп-төстегісі келгендерге сес көрсетіп, елдің, жердің иесі кім екенін танытқан қазақтың батыр ұлдары. Ұлттық санасы жоғары атқамінер азаматтар. Қандай жолмен болса да өз ұлтының жел жағынан пана бола алған қазақ жігіттері. Қай заманнан солай болған. Аспаған, таспаған, біреудің ала жібін баспаған. Сырттан келгендермен де сыйласа білген. Бастысы, сыйласа білген. Бірақ басындырмаған. Кейін келе-келе үзіліңкіреп бара жатқандай сол үрдіс. Бірақ әлгіндей азаматтардың заманында ерлік көрсеткендері туралы көп айтыла бермейді. Өкініштісі де сол. Олар туралы айтудың заманы енді келетін сияқты. Өткенде қарасам, осы «Біздің елдің жігіттері» әнінің тууына себепкер болған азаматтардың аты аталыпты. Елдің іргесі сөгілмеуі жолында ерлік көрсеткендердің есімі аталмай кетсе не болғаны?
Ауылды ұстап қалған, жалпы, қазақты ұстап қалған осы жігіттер, негізі. Қазақты ұстап қалған дегенім сол қазақылық, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттың болмыс-бітімі, төл қасиеттері де. Ондай қасиеттер өлген күні не болатынын ойлаудың өзі қиын.
Ауылдағы қара қазақты (негізгі қазақ) сақтап тұрған екінші түрлі жігіттер – Есенғали Раушановтың кейіпкері Мұратберген екені тағы рас. Ол туралы кезінде белгілі публицист Бауыржан Омаров жеріне жеткізіп жазған-ды. «Өз жұмысын білетін, өз жөнімен жүретін, елтең-селтеңмен онша шаруасы жоқ, көп сөзге үйірсектігі де шамалы мұндай кейіпкер кез келген ауылдан табылатын. Әлі күнге дейін Мұратбергендер қазақ ауылының діңгегін ұстап тұр. Сол Мұратбергендер у-шуы көп қалаға мүлде көндіге алмай жүр. Ол – қаймана қазақ. Ол – ауылдың алтын қазығы. Ол – даланың даңғайыр диханы. Ол сылдырап аққан арықтың да, арқырап аққан сарқыраманың да мехнатын талайдан тартып келе жатқан шағын бөлімшенің ширақ мұрабы», дейді Бауыржан ағамыз.
Иә, қай ауылды болсын ұстап отырған осындай елдің азаматтары, сол топыраққа кіндігінен байланған жердің азаматтары тұрғанда, қазақ та жасай береді деген ойдамыз.