Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өңірдегі студенттік шығармашылық ұжымдар арасында «Ұлттар фестивалі» байқауы өтті. Шараға өңірдегі жоғары оқу орындары мен техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының арасынан іріктеліп шыққан сегіз команда қатысты.
Қатысушылар байқау ережесіне сәйкес еліміздегі этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнерін, ұлттық ерекшеліктерін, тұрмыс-тіршілігін сахналады. Ерекше сайысқа қатысушылар үшін ереже бір ай бұрын ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Ең бастысы – «Ұлттар фестиваліне» қатысуға тілек білдірген оқу орындары үшін қай этностың мәдениетін сахналау тәртібі жеребе бойынша таңдалды. Осылайша сайыс кезінде студенттердің дайын бағдарламаларды енгізуіне жол берілген жоқ. Екінші ерекшелігі, шығармашылық бәсекеге өңірдегі кәсіби өнер ұжымдары қатыстырылған жоқ. «Ұлттар фестиваліне» келген әр студенттік ұжымның бағдарламасы әралуан және мазмұндық жағынан өте бай, бірін-бірі қайталамағандығын атап өткен жөн. Бұл күні әзербайжан, өзбек, татар, украин, корей және басқа да диаспоралардың әні шырқалып, биі биленді, түрлі қойылымдар көрсетіліп, әр ұлттың киімдерімен шыққан студенттер сахна төрін жарқыратып жіберді.
Сайысқа тыңғылықты әзірленген ұжымдардың өнері жұрттың есінде қалды. Мәселен, есту және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұжымы татардың «Сабантойынан» әдемі көрініс дайындады. Бұл жерде оқушылардың қимыл-қозғалысы сондай тартымды, шырқаған әндері құлаққа жағымды және сахна төріндегі балалардың қимыл-қозғалыстары да ерекшеленіп тұрды. Армян отбасындағы қалыңдыққа құда түсу рәсімін тамаша сахналаған көріністер де көрерменнің есінде қалды. Армян ұлтының салтында күйеу жігіттің шешесі босағаға келген қалыңдыққа өз қолымен үзіп нан ұсынады екен.
Конкурс қорытындысы бойынша өзбек мәдениетін сахналаған Ақтөбе техника-технологиялық колледжі, корей ұлтының ұлттық жоралғыларын көрсеткен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті және «Сабантой» рәсімін сахналаған есту және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұжымдары үздік деп танылды. Оларға Ақтөбе облысының киелі жерлеріне саяхатқа бару жолдамасы тапсырылды.