Сәтбаев қаласында ұлттық аспаптарда ойнаушылар арасында өткен Ерден Сандыбайұлы атындағы IV республикалық байқауда Назерке Әбілхасенова бірінші орынды жеңіп алды. Алты жыл бұрын алғаш рет жалауы желбіреген бұл өнер додасында биыл 16-40 жас аралығындағы 31 өнерпаз бақ сынады.
Назерке Әбілхасенова Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 11-сыныбында оқиды. Оның таңдаған аспабы – қылқобыз.
– Қатысушылар арасында консерватория оқытушылары, тәжірибелі музыканттар болғандықтан, басында қатты қобалжығаным рас. Әйтсе де, сәтін салып, сегіз нөмірден тұратын бағдарламамды жақсы орындап шықтым. Әр турға төрт туындыдан ойнадым. Жеңемін деген сенім болмаса да, барымды салдым, – дейді ол ағынан жарылып.
Назерке мектепті бітірген соң қай оқу орнына баратынын әлі шешпепті. Дегенмен ол өзінің болашақ өмірі музыкамен байланысты болатынына сенімді.
Ал төрешілер алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі алматылық өнерпаз Әсел Қалдымұратқа бұйырды. Екінші жүлде Қарағанды мен Сәтбаев қалаларынан қатысқан екі өнерпазға берілсе, Алматы мен елордадан келген үш қатысушы жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.