Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру қағидаларын бекіту туралы» № 1457 Жарлығына сәйкес Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды жетілдіру бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Үйлестіру кеңесінің құрамына агенттіктің, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері, мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, облыс, қалалар және аудандар әкімдері аппараттарының жетекшілері, өңірлік оқыту орталықтарының директорлары енді.
Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы биылғы 10 сәуірде болып өтті.
Кеңестің негізгі міндеті мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселелері бойынша заңнамаларды жүзеге асыру тетіктерін құру және жетілдіруге бағытталған келісілген ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының өзара әрекеттері мен әріптестіктерін үйлестіру болып табылады.
Агенттік төрағасының орынбасары Ә.Көмекбаев төрағалық еткен отырыста мемлекеттік қызметшілерді орталық және өңірлік деңгейде оқыту мәселесі жан-жақты қарастырылды.
Мәселені талқылауға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Б.С.Әбдірәсілов, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары А.Ашуев, ӨОО-ның басшылары Г.Исенова, Р.Қабдуллина, Л.Егембердиев, мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметінің басшылары қатысты.
Үйлестіру кеңесі отырысының нәтижесі бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі баспасөз қызметі.