• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2014

Әлемді таңдандырған 108 минут

1625 рет
көрсетілді

Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысының бас жағында, 1957 жылғы қазан айының 4 жаңа күнінде Байқоңыр ғарыш айлағынан жер төңірегіндегі ғарыш кеңістігіне жердің тұңғыш жасанды серігі ұшырылып, адамзат тарихында ғарыш ғасырының басталғаны әлем халқына жақ­сы мәлім. Одан кейін ғарышқа бірінші аттанатын ғарышкер дайындау ісі басталып кетті. Сонымен 1961 жылғы сәуір айының 11 жаңа күнінен 12 жаңа күніне қараған түні Юрий Алексеевич Гагарин мен қосал­қы ұшқыш Герман Степанович Титов ғарыш­керлерге арналып тұрғызылған шағын үйде түнеп шықты. Ертеңіне ертемен Юрий Гагарин ға­рыш скафандрын киді. Желдеткіш шлан­гісі автономды регенерациялы құры­лым­ға жалғанды. Бас шлемінің беткі әйне­гі жоғары көтеріңкі, қолдары қол­ғап­сыз. Ашық қызғылт түсті скафандр­ды құ­рау­шылардың бірі оның Юрий Гагариннің тұла бойы тұлғасына қалай шақ келгенін, денесін қысатын-қыспайтынын, ал дәрігер денсаулығын қадағалады. Осыдан кейін Юрий Гагарин арнайы автобуспен аспанға тік қаратылып орнатылған, ұшырылуға толық дайын тұрған «Восток» ғарыш кеме­сіне келді. Ол жерде өзін күткен топқа жақындап, Мемлекеттік комиссия төра­ға­сына өзінің ғарышқа аттануға дайын екен­дігі жөнінде рапорт берді. Бұл тарихи сәт жөнінде 2011 жылы Қа­зақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл және тұңғыш ғарышкер Ю.А.Га­гариннің ғарышқа ұшқанына 50 жыл толу мерейтойына орай Ақтөбе облыстық Планетарийі дирекциясы (директоры Қор­лан Бөлеков) ұйымдастырған VІІ Азия-ты­нықмұхиттық астрономиялық олимпидасына қатысушылармен Байқоңыр ғарыш айлағында болғанымда, Байқоңырдың құ­рылысына 27 жыл ғұмырын арнаған ақ­төбелік полковник Кеулімжай Жуасов аға Ю.А.Гагарин ғарышқа аттанған сол №1 алаңға ой жібере қарап тұрып: «Бұл Бай­қоңырда мен көп тұлғалармен кездестім. С.П.Королевпен де тілдестім. Ал сол 1961 жылғы наурыз айының 12 жаңа күнін­де, ертеңгілікте бәріміз сырт­қа шығып, «Восток» ғарыш кемесіне жақын­дадық. Сонда мен ғарышқа бірінші аттанып бара жатқан Юрий Гагаринді алғаш көрдім, оның риясыз жымиысы қандай жарасымды еді, онысы әлі күнге көз алдымда», – деген еді. Шығарып салушылармен құшақтасып қоштасқаннан кейін Ю.А.Гагарин ға­рыш кемесі мен тасығыш зымыранын ұс­­тап тұрған тіреуіштердің ең жоғары алаң­ша­сына көтеріліп, қол бұлғап, кірер есігі ар­қылы кеменің басқару бөліміне еніп, ката­пультті ғарыш орындығына жайғасты. Кемені басқару мен жерге қайта ора­луға арналған бұл шар пішінді қону ап­паратының төбесіне Жердегі басқару орталығымен телерадиобайланыс ұстайтын антенна бекітілген. Ғарышкер шалқая жайғасқан катапультті орындықтың маңдай алдында ғарышкердің басқару тетігі құра­мына енетін өлшеу құралдары мен кеме жағдайы мен жұмыс жүйесін қадағалайтын индикаторлар, санды көрсеткіштер, қада­ға­лау шамдары, олардың ортасында бел­гілі бағдарламамен айнала қозғалатын әрі уақыттың әрбір сәтінде кеменің геогра­фиялық орнын көрсететін глобус бар панель енетін құралдар тақтасы, оның қа­та­рында теледидар камерасы, одан солға таман оптикалық бағдарламалы иллюмина­тор, дәл алдында басқару тұтқасы, оң жа­ғын­да азық-түлік салынған контейнер болды. Сәлден соң телеэкранда Юрий Алек­сеевич Гагариннің бет-әлпеті анық кө­рін­ді. Ол әлденелерді тексеріп, құрал тақтас­ына қарай еңкейіп те қойды. Басын қайта көтеріп, телекамераға тіке қарап езу тартты. Артынша Бас конструктор Сергей Павлович Королев (байланысу есімі «Заря-бір») пен Юрий Гагариннің (байланысу есімі «Кедр») бейнебайланысы басталып кетті. Уақыт баяу да, зымырап та өтіп жат­­қан­­дай сезілді. Сөйтіп, дайындыққа беріл­­ген отыз минут артта қалып, аттанар сәт те кел­ді. Сағат тілдері Мәскеу уақы­ты­­мен 9 са­­ғат 07 минутты көрсеткенде С.П.Коро­лев: – Сәтті сапар тілеймін! – деп толқи сөйледі. Ю.А. Гагарин: – Кеттік! – деп жігерлі дауыстады. Ғарыш кемесі миллиондаған ат күшіне тең отты дауылдың күшімен ғарыш кеңіс­тігіне қарай зулай ұшып жөнелді... Арада көп уақыт өтпей кеме жер бетінен 302 шақырым алыстап, жер төңірегіндегі ғарыш кеңістігіндегі айналым жолға шық­­ты. Юрий Алексеевич Гагарин жер ғалам­шарымызды сыртынан алғаш көріп, Бай­қоңырдағы басқару орталығына: – Жер көкжиегі сондай, өте сұлу сәуле жиекті! Әдемі түрлі түсті сәуле көрінісі жер бетінен басталып, айқын түрлі түстене береді. Оң жағымдағы иллюминатордағы кө­рініс те өте сұлу! – деп толқи, тебірене сөйледі. Тұңғыш ғарышкер одан кейін ғарыш кемесінің Оңтүстік Американың, Афри­каның үстінен ұшып өткенін, 89,1 минутта жер шарымызды толық бір айналып ұшып шыққанын, жағдайының жақсы, кеме жүйесінің қалыпты екенін хабарлады. Ал бұл кезде жерде Мәскеуден осы оқиға жөнінде радиодан хабарланып, теле­дидардан көрсетіліп жатты. Юрий Алек­сеевич Гагариннің үйінде әйелі Валентина Гагарина, Лена және Галя есім­ді кішкентай бүлдіршіндері газет тіл­ші­лерімен бірге екі бөлмелі пәтерінде қуаныш пен терең тол­қыныста радио мен теледидардан айтылған әрбір жаңа хабарды мұқият тыңдап, көріп отырды. Сағат тілі 10 сағат 25 минутқа жеткенде берілген бағдарламаға сәйкес «Восток» ғарыш кемесінің тежеу қозғалтқыш жүйесі іске қосылып, Жер төңірегіндегі айналым жолынан жердегі алдын ала белгіленген ауданға қонуға төмендеуін бастады. Жер бетіне таяғанда, Юрий Гагарин өзі отырған ғарыш орындығын катапульттеумен кемеден бөлек ұшып шығып, парашютпен жай қалықтап, сағат 10-нан 55 минут өткенде аман-есен жерге түсті. Жерден ғарышқа ұшуы, жерді бір айналып қайта қонуы 108 минутқа созылды. Юрий Алексеевич Гагарин есімі әлем халқына мәшһүр болса да, қайда барып, қайда жүрсе де өзін ғарышқа ұшқанға дейінгі қалпындай мейлінше қарапайым, мәдениетті ұстады. Сол қасиеттері мен жарасымды риясыз жымиысы адам баласын баурап, есінде мәңгілікке қалды. Ол ғарышқа аттанған сәттегі әйгілі «Кет­тік» деген сөзін достарына жиі айтатын, олар­ға: «Кеттік» деп риясыз жымиып қоятын. Юрий Алексеевич Гагарин 1968 жылы ақпан айында Мәскеудегі Н.Е. Жуковский атындағы Әскери-әуе инженерлік академиясын үздік бітірді. Сол жылғы нау­рыз айының 27-сі күні жылдам ұша­тын әуе кемесімен сынақ өткізіп жүргенде қапыда қаза тапты. Мәскеудегі Кремль қабырғасына жерленді. Есімі Жұлдызды қалашықтағы ғарышқа ұшатын ғарышкерлер дайындайтын орталыққа, бұрынғы Гжатск қаласы мен Гжатск ауда­нына, Қызыл тулы М.И. Кутузов орден­ді Әскери-әуе академиясына, Айдың ар­ғы жағындағы кратерлердің біріне беріл­ді. 1968 жылы Халықаралық авиация фе­дерациясы ғарыш кеңістігін бейбіт мақ­сат үшін зерттеуде ірі жетістіктерге жет­кен ғарышкерлерге беріліп тұратын Ю.А.Га­гарин атындағы Алтын медаль тағай­ын­дады. Ю.А.Гагаринге тұрғызылған ескерт­кіштер мен есімі берілген көшелер елімізде де бар. 2011 жылғы қыркүйек айында Ал­ма­тыдағы Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтырудың «Бөбек» орталығы обсерваториясы базасында Ю.А.Га­гариннің ғарышқа тұңғыш ұшқа­ны­на 50 жыл толуына орай 16-шы Халық­аралық Астрономиялық олимпияда болып өтті. Тағы көптеген іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Жүніс САХИЕВ, жазушы-фантаст. АСТАНА.