• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Мамыр, 2022

Саяжай да баспанаға айналды...

904 рет
көрсетілді

Бұдан бірер жыл бұрын Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясының  астанадағы орталық қоғамдық қабылдауына кішкентай баласын ертіп келген бір әйел өздерінің Қарағанды облысынан қоныс аударып, таныстарының қала іргесіндегі саяжайында тұрып жатқандарын, мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек ала алмай жүргендерін айтып шағынғаны жадымда.

Сөйтсе, ол елордада еш жерде тір­кел­меген болып шықты. Сол себепті  аз қамтылған отбасыларға тиесілі жәрдемақыға қол жеткізе алмаған. Әр жерде жұмыс істеп тапқан мардымсыз тиын-тебені отбасын асырауға жетпеген соң амалсыздан Мәжі­ліс депутаттары жүйелі түрде қатысатын  қоғамдық қабылдауға ұдайы келіп, олардың өз мүмкіндіктеріне қарай берген ақшалай жәрдемін алып тұруды әдетке айналдырған көрінеді.

Анықтап білсек, ауылдан қалалы жерге көшіп келіп, біреулердің саяжайларында тұрып жатқан өзіндік баспанасы жоқ азаматтар қатары қалың болып шықты. Үкіметтің мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде еліміздегі саяжай алаптарында 433 мың адам тұрақты тұрып жатыр. Соның ішінде, Алматы облысында – 350,4 мың, Ақтөбе облысында –  51,2 мың, Батыс Қазақстан облысында – 17,4 мың, Қызылорда облысында – 11,2 мың, Түркістан облысында – 1,8 мың, Қостанай облысында – 738, Атырау облысында – 139, Қарағанды облысында 130 отандасымыз саяжайларды паналауға мәжбүр болған. Олардың 35,1 мыңы – мектеп жасындағы балалар екенін ескерсек, осы әлеуметтік мәселенің қаншалықты маңыздылығы тіпті айқындала түседі.

Бұл теріс құбылыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында  кеңшарларды жекешелендіру кезінде «қызыл дирек­торлардың» дені құлқындарының құлы болып, ұжымдық мүлікті талан-таражға салып, өздеріне сеніп тапсырылған шаруа­шылықтарды қасақана банкрот қылғанының, сөйтіп ауылдағы жұмыс орындары жаппай жабылып, тұрғындар қалалы жерлерге үдере көшкенінің, ал Үкімет урбандалу үдерісін реттемей, бетімен жібергенінің салдарынан пайда болған.

Саяжайлардың көбі тұрмысқа қолайлы етіп жайластырылмағаны мәлім. Мәселен, Атырау облысындағы – 139, Алматы облысындағы – 36, Солтүстік Қазақстан облысындағы – 18, Қостанай облысындағы – 11, Қызылорда облысындағы – 8, Ақтөбе облысындағы – 3, Қарағанды облысындағы 2 саяжай алабы сумен, электр энергиясымен, газбен қамтамасыз етілмеген болып шықты. Саяжайларға баратын жөнді жолдың жоқтығынан, әсіресе жауынды-шашынды күндері «Жедел жәрдем» көліктері науқастардың шақыруларына уақтылы келе алмайды, сондай-ақ балалардың мек­тепке қатынауы да қиынға соғады. Ал қол­даныстағы заңнама бойынша сая­жайлардың инфрақұрылымын дамыту – саяжайшылар бірлестіктерінің міндеті болып саналады. Алайда олардың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі.

Саяжайларды жалдап тұрып жатқан адамдардың көпшілігі – аз қамтамасыз етілген жандар екені белгілі. Олардың отба­сыларындағы жастар тұрмыстың қиын­дығын бала күндерінен көріп өсіп,  өмірге өкпелі, билікке ренішті болып жүретіні, сол себепті кейбіреулері теріс діни ағымдардың жетегіне еріп, алданып-адасып жататыны да белгілі.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, Үкімет сая­жай алаптарының көкейкесті мәселе­лерін шешуге көңіл бөліп, арнайы іс-шаралар жоспарын іске асыруға кірісіпті. Соған сәй­кес барлық өңірде саяжай бірлестіктері­нің өкілдері енгізіле отырып, жұмыс топ­тары құрылған. Нәтижесінде,  Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қара­ғанды облыстарында сая­жайларда тұратын оқушыларды мектепке тасымалдау мәселесі шешілген.

Әйткенмен, саяжайларды паналап отыр­ған отбасылардың мүшелерін тіркеу, оларды пәтер кезегіне тұрғызу, араларын­дағы мұқтаж жандарды әлеуметтік қолдау мәселелері әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл үшін, әрине, саяжайлардың мәрте­бе­сін заң­намалық тұрғыдан айқындау қажет. Шын­туайтында, Алматы облысы сияқ­ты табиғаты тамылжыған, климаты жылы өңірдегі немесе ірі қалалардың ірге­леріндегі көптеген саяжай тұрғын үйден еш кем емес қой. Ендеше, оларды неге заңдастырмасқа?!