• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Мамыр, 2022

Қаруды өз еркімен тапсырғандарға өтемақы беріледі

421 рет
көрсетілді

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов халықтан сатып алынған қару-жарақ үшін қанша өтемақы төленетінін айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қару тапсырғаны үшін төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық күй-жайына байланысты әр данасы үшін (10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін) 30 мыңнан 306 мыңға дейін әр түрлі болады. Өтемақы көлемін әр облыстық, қалалық және аудандық полиция органдарында құрылатын комиссиялар белгілейді.

«Мысалы, 100 АЕК-ке дейін немесе 306 мың теңгені – автоматты ойық қаруды тапсырған азамат ала алады. Мұндай соманың жартысы ойық ұңғылы мылтықтар мен карбиндер үшін төленуі мүмкін. Тапаншалар мен револьверлер үшін – 122 мың теңгеге дейін ақы төлеу болжанады. Тегіс ұңғылы мылтықтардың әрбір данасы барынша 91 мың теңгеге бағалануы мүмкін», деді Асылбек Ыдырысов ҚР ІІМ ұйымдастырған онлайн-брифингте.

Өтемақы төлеу мерзімі – 1 ай. Оның мөлшерін айқындау кезінде комиссиялар қарудың техникалық жай-күйін ескереді және 3 санатқа бөледі. 1-санаттағы қару үшін төлем ұсынылатын құнының 100%-ын, 2-санатқа 70%-ын, 3-санатқа 30%-ын құрайды.

1-санаттағы қаруға – пайдаланылмаған және техникалық ақауы жоқ қару не бұрын пайдалануда болған, бірақ ақауы жоқ, тауарлық түріне нұқсан келмеген қару жатады. 2-санатта – одан әрі пайдалануға кедергі болмайтын, жекелеген техникалық ақауы бар немесе тауарлық түріне нұқсан келген қару бар. Жөндеуге жарамды қарулар да екінші санатқа жатады. 3-санатқа – техникалық ақау салдарынан пайдалануға жарамсыз немесе қауіпті, жөндеуге, қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жарамсыз қарулар жіберіледі.

Аяна Тоғанбек