Жамбылда қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз кескендер анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мойынқұм ауданының аумағында жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу барысында табиғатты қорғау полициясының инспекторларымен облыстық маңызы бар автожолда жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын ЖШС-нің сексеуіл ағаштарын заңсыз кесу дерегі анықталды.
Аталған ұйым жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз жол жиектері енінің стандарттарын бұзған. Бес текше метр қызыл кітапқа енген өсімдікті жойған.
Аталған дерекке қатысты полиция қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемі анықталуда. Сот-биологиялық сараптама тағайындалды.
Аяна Тоғанбек