• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 04 Мамыр, 2022

ҰБТ-ға 130 мыңнан аса талапкер тіркелді

515 рет
көрсетілді

Биыл талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсырып, ең жоғары ұпаймен гранттар конкурсына қатыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мәлімдеді.

Құжат қабылдау басталғаннан бері ҰБТ-ға 130 мыңнан аса талапкер тіркелген. Өтініштерді қабылдау 14 мамырға дейін жалғасады. ҰБТ тапсыру 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.   «Биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады. Бірақ бейінді пәндер комбинациясын ауыстыруға болмайды. Яғни бірінші рет физика-математика тапсырса, екінші рет те сол пәндерді тапсыруға міндетті», деді Ә. Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.   Білім департаменті директорының айтуынша, егер бірінші тестілеуде талапкер ереже бұзса, ол ҰБТ-ны екінші рет тапсыра алмайды. Ал егер екінші рет тапсыру кезінде ережелерді бұзса, бірінші және екінші тестілеудің нәтижелері жойылады. Яғни ол бала гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алмайды.   «Биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі. Талапкердің жұмыс орнында негізгі камерадан басқа тұлғаны анықтауға (Face ID) және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін қосымша алдыңғы веб-камера орнатылған», деп түсіндірді Әділет Тойбаев.   Сондай-ақ, академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тестілік нұсқасы таңбаланады, яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Талапкерлер ережелерді бұзып, тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерлерге шығаруға әрекет жасаса, олардың нәтижелері жойылады.   Айта кетері, ҰБТ-дағы пәндердің саны биыл да өзгермейді – үш міндетті және екі таңдау бойынша. Тест тапсырмаларының саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан - 15, математикалық сауаттылықтан - 15, оқу сауаттылығынан - 20 және екі бейіндік пәннен - 35. Ең жоғарғы ұпай саны – 140.   ҰБТ кезінде компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі және металдардың бірқатар белсенділігі қосылған тұздың ерігіштігі кестесі болады.   Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар олар үшін суреттерсіз, диаграммаларсыз және схемаларсыз сынақ нұсқалары әзірленді.   Үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат аппеляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.   Аяна Тоғанбек