Елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға партияның өңірлердегі филиалдарының төрағалары, Саяси кеңес мүшелері қатысты.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауындағы саяси реформалар легі негізгі тақырыпқа айналды. Сондай-ақ басқосуда партияның жаңа бастамалары зерделенді. Жиынға қатысушылар Президенттің конституциялық өзгерістер жөніндегі және өзге де ел дамуына қатысты реформаларын толық қолдайтындарын жеткізді.
Партия Саяси кеңесінің мүшелері «Жаңа Қазақстан» идеясы еліміздегі ең өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмауға бағытталғанына, демократиялық үдерістерді дамытуға жағдай туғызатынына бек сенімді. Сондай-ақ партия мүшелері Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан саяси өзгерістер «Ауыл» партиясының саяси ортада бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып, жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік туғызады деген пікірде. Басқосуда Саяси кеңес тарапынан партияны жаңғырту жөніндегі бірнеше ұсыныстың қолдау табуы да сол оймен сабақтасып жатса керек.
«Ауыл» партиясының жетекшілері бірінші кезекте сайлау комиссияларының құрамынан өз ісіне берілген партия мүшелерін көргісі келеді. Сонымен қатар, партия басшылығы саны бар, сапасы жоқ мүшелерін ұйым құрамынан шығарып, олардың орнын қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын, өзіндік ұстанымы бар азаматтармен толықтыруға ниеттеніп отыр.
Сонымен қатар, «Ауыл» партиясынан сайланған депутаттар мен әкімдердің қызметін бағалаудың цифрлық платформасын құру маңыздылығы айтылды. Цифрлық платформа әрбір депутат пен әкімнің қызметі партия мүшелері мен сайлаушылар алдында есеп беретіндей етіп құрылады. Бұл цифрлық платформа «Ауыл рейтинг» деген атаумен 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап тестілік режімде іске қосылмақ.
«Өткен жылы партиялық тізім бойынша түрлі деңгейдегі мәслихаттар мен Мәжіліс сайлауы өтті. Бұл біз үшін жаңа тәжірибе болды. Әрине, депутаттыққа кандидаттарды сапалы іріктеуге уақыт аз болғанын мойындау керек. Осыған орай үміткерлерді іріктеу үшін тағы бір цифрлық платформа – «Ауыл азаматы» платформасын құруды ұсынамын. Оның көмегімен кез келген қазақстандық өзін танытып, еңбегі мен әлеуетін көрсете алады, сондай-ақ алдағы сайлау науқанында өзін партиялық резервке кандидат ретінде ұсына алады», деді партия төрағасы Әли Бектаев.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты мәселелер, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға арналған субсидиялардың аздығы, шаруаларды мемлекеттік қолдау тетіктерінің жетілдірілмегендігі сөз болды. Партия ұзақ жылдар бойы Агробанк құру мәселесін көтеріп келеді. Осы орайда партияның Саяси кеңесі Премьер-Министрдің атына агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға берілетін субсидиялар көлемін екі есеге ұлғайту және шағын және орта шаруашылықтарға бөлінетін несиелердің жылдық үстемесін 1-2%-дан асырмау туралы ұсыныстармен ашық хат жолдамақ.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Жаңа Қазақстандағы жаңа ауыл» жобасын іске асырудың маңызы сөз болды. Бұл жобада «Ауыл» партиясынан сайланған мәслихат депутаттары мен партия демеушілері тарапынан халыққа материалдық көмек көрсету, әлеуметтік жобаларды іске асыру, ауылды көріктендіру сияқты іс-шаралар кешенін жүзеге асыру жоспарланбақ.
Басқосу соңында «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасына негіз болатын қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру бойынша «Ауыл» партиясының үндеуін партия хатшысы Анас Баққожаев таныстырды.