Көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталғаны белгілі. Ал 2 сәуірден бастап, міндетті төлемін уақтылы төлемеген көлік иелеріне салық берешегі туралы хабарлама жіберіле бастады. Осы хабарламаны алған азаматтар 30 жұмыс күні ішінде төлемақыны салуы тиіс.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары қазақстандықтардың көлік құралдарына салынатын салық сомалары бойынша берешек туралы PUSH-хабарламалар банк қосымшаларына жіберіліп жатқанын жеткізді. «Салық төлеу – әр азаматтың міндеті. Көлік салығы да соның қатарына кіреді. 2021 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 сәуірде аяқталды. Салық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң 3 063 теңгеден көп (бір еселенген АЕК) мөлшерде салық берешегі төленбеген жағдайда салық органы салық бұйрығын шығарады. Осылайша, берешегін өтемеген жеке тұлғаларға тиісті төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жолданады. Осы бұйрық иесіне жеткен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде берешек өтелуі тиіс. Әйтпесе бұйрық жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жіберіледі», дейді мамандар.
Егер салық берешегі туралы хабарлама жеке сот орындаушысына жетсе, онда борышкер салық сомасының үстіне сот орындаушысының қызметі үшін де ақы төлеуге мәжбүр болады. Олардың қызметі салық берешегі сомасының 25%-ын құрайды. Яғни көлігіңіздің салығы шамамен 25 мың теңге болса, онда осы сомадан тыс 6 250 теңгені сот орындаушысына бересіз деген сөз. Оның сыртында банктегі шоттарыңыз бұғатталып, жинаған депозитіңіздегі ақшаны алуға шектеу қойылады.
«Сондықтан берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуға байланысты қолайсыздықты болдырмас үшін азаматтар салық берешегін уақтылы өтеп, мемлекет алдындағы салық міндеттемелерін орындауға шақырамыз. Салық берешегінің бар-жоғы туралы мәліметтерді (AppStore, PlayMarket) e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады: e-Salyq Azamat→Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.