Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері екі ел арасындағы шекарада болған жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қырғыз шекара қызметінің хабарлауынша, 5 мамыр күні Актом ауылында 3 қырғыз азаматына өзбекстандық шекарашылар қару қолданған. Үш азамат та жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Ал Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Шекара әскерлері Қырғызстанмен шекарадағы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
«2022 жылғы 5 мамырда Наманган облысының «Янгикурган» ауданындағы Актом ауылы арқылы өтетін өзбек-қырғыз мемлекеттік шекарасында, Өзбекстан шекарашылары белгісіз бір топтың Өзбекстаннан Қырғызстанға ірі көлемдегі тауарды алып өтуін байқап, бұл заң бұзушылықтың алдын алу шаралары қолға алынды.
Мемлекеттік шекараны бұзушыларды шекарашылар ұстау кезінде бір топ бұзушылар әскерилерге қарсылық көрсетіп, күш қолданған және дене жарақатын салып, қаруды тартып алуға әрекет еткен. Бұл жағдайда әскери қызметшілер заңда белгіленген тәртіппен қару қолдануға мәжбүр болған. Оның салдарынан 3 адам жараланып, ооларды серіктері Қырғызстанға алып кеткен. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін 5 мамырда Өзбекстан мен Қырғызстан шекарашылары арасында кездесу өтті. Тексеру жұмыстары жүргізіп жатыр», делінген Өзбекстанның ресми органы таратқан хабарламада.
Қазіргі кезде екі тарап та жағдайды анықтап жатыр, шекарадағы жағдай тұрақты екені айтылуда.