Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кеңесте Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарын қорытындылады. Бұл туралы Egemen.kz Үкіметтің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Вице-Премьер ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндады. Жобаға 2478 тұрғын қатысып, несие алған, сондай-ақ 25 елді мекеннен 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі іске қосылды – бұл облыстың 10 ауданында 11 пилоттық ауылдық округтің қызметі.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.
«Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды», деді Нұржан Нұржігітов.
Вице-Премьер Жамбыл облысының оң тәжірибесін елдің өзге аймақтарына кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Ол үшін әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет. Ең бастысы кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Бұл жобаны «Ауыл аманаты» деп атауды ұсынамыз», деді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.
«Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев өз сөзінде жобада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жақын арада партия жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылатынын атап өтті. Алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі.
Егжей-тегжейлі талдау аудандарда қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатындығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Алынған талдауға сәйкес кәсіпкерлермен жұмыс жүргізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беретін орта арнаулы колледждерде тұтынушылардың сұраныстарына сай өнім шығаратын мамандар үшін біліктілік орталықтарын ашу қажет.
Вице-Премьер статистикалық есептіліктің жаңа әдістемесін қабылдауды және әрбір елді мекен, үй шаруашылығы, адам бойынша ауқымды деректер жинауды, сондай-ақ скрининг жүргізіп, әрбір ауыл бойынша микро деректер жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ скрининг қорытындылары бойынша әрбір ауылдың, ауданның, облыстың экономикалық мамандануын айқындау, ауыл шаруашылығы шикізаты ретінде қайда және қандай өнімді тиімді өсіру керектігін, ішкі нарықтың сыйымдылығын және экспорттық әлеуетті ескере отырып, қандай қайта өңдеу және өндірістік қуаттарды іске қосу керектігін айқындау қажет.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы, бірінші кезекте, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту деңгейін көтеруге бағытталған. Сондықтан кез-келген жобаны жүзеге асыру кезінде тұрғындарға қандай пайда әкелетіні туралы саралау керек. Жергілікті биліктің ауыл әкімінен бастап өңір басшысына дейінгі міндеті – АӨК қолдау көрсету, ауыл шаруашылығының оған жатпайтын түрлерін дамыту бойынша шаралар қабылдау», деді Ералы Тоғжанов.
Отырыс барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы мәселесін шешуге, осы салада білікті мамандарды оқытуға байланысты мәселелерді талқылады.
Кеңес соңында Ералы Тоғжанов облыс әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдарға «Халық табысын арттыру бағдарламасын» жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Вице-Премьер Таразда «Бизнеске арналған үкімет» орталығының жұмысымен танысты, онда кәсіпкерлер барлық қажетті қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алады. Орталықта өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ, «Тараз» және «Атамекен» микроқаржы ұйымдары, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, екінші деңгейдегі банктердің менеджерлері, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі сараптама тобының өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері қызмет көрсетеді.