• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Фотогалерея 08 Мамыр, 2022

Алтайдағы аламан - Фоторепортаж

1152 рет
көрсетілді

Құланқара, Бұланқара, Желмая сынды тұлпарлар тұяғының ізі қалған Алтайдың бөктерінде дүбірлі бәйге өтті. Отан қорғаушылар және Ұлы жеңіс күніне орай ұйымдастырылған шарада 100 шақырымдық аламан, тай жарыс, жорға, аударыспақ, күрес, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен атбегілер, балуандар бақ сынасты, бап сынасты. 

Аудан орталығының орталық ипподромында ақшаңқы киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Бұрқ-сарқ самауыр қайнады...

Сәйгүліктердің бірі қара үзе шапса, енді бірі шаң қапты. Құйрық тістесе келгендері де болды. Жүзден жүйріктері мәре сызығын бірінші қиып, бапкерлері мен ат иелері бөріктерін аспанға атты.    

Балуандардың белдесуі де тартысты өтті. Жауырыны жерге тимеген Азат Смағұлов түйе балуан атанса, Рахат Нариманов екінші орын алды. Үшінші орынды Серікбол Қабдиев қанағат тұтты.

Екі жылғы шектеу шараларынан соң халық әй бір серпіліп қалды ғой деймін. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп бәйгеге шапқандарға тақым қысты, белдескендерге қиқу қосты.

Тақымы мықты, білегі қарулы жігіттер аударыспаққа шықты. Ат-матымен жұлып алған білектілерді де көрдік.

Аудан әкімінің жүлдесіне ұйымдастырылып жатқан аламанға автокөлік және ақшалай сыйлықтар тігілген. Тай жарыс, ұшқыр бәйге, жорға сынды сайысқа қатысқан жүлдегерлер де бағалы сыйлықтарға ие болды.