«Елім деген Ер едің!
Жат жұртта сүйегің қалды ғой.
Жас өлдің, арулап көмбедім,
Сұм соғыс ұрпақты жұтты ғой!».
Ел Жеңіс күнін мерекелеп жатқанда Зағи әжеме келіп мұңын шағатын бір уыс қара кемпірдің зарлы әуені әлі де жадымда. Мектеп баласымыз. Әжеміздің: «Ауылымыздан майданға аттанған он азаматтың сегізі ғана оралды», дегені де есте. Қаһарлы соғыс жылдары мыңдаған қандасымыз опат болды. Шырақтары сөнді. Есімдері белгісіз қалды...
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан қорғаушы күні» құрметіне мемлекеттік награда, жоғары әскери және арнаулы атақ, сыныптық шен беру рәсімін өткізді. Жиында Екінші дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангердің ерлігі түрлі себепке байланысты елеусіз қалғанын еске салды. Мемлекет басшысы жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айналған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігі туралы айтты. Соғыста ерлікпен қаза тапқан майдангерлерге «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені марқұмдар – Әбдібеков Төлеуғали Насырханұлы, Несмиянов Александр Александрович пен Сүлейменов Ыбырайымға табыс етілуі қаһармандығын үлгі тұтатын елдің әділеттілік ережесін парызы санайтындығына дәлел.
Өткен соғыс қаһармандарын ұмытпай, ұрпақтарының ұлықтауы қажеттілік қағидасына айналуы керек. Бүгінгі жас жеткіншек те, жетпістен асқан қариялар да сол соғыс туралы кітаптан оқып білдік. Соғысты көзбен көргендердің шығармалары Кеңес Одағы дәуірінде шықты. Бірақ коммунистік партия цензурасы ақиқатты айтқызған жоқ. Тек компартияның бас идеологы Суслов қайтыс болған, 1982 жылдан бастап соғыстың шындығы жазылған туындылар жариялана бастады.
Орыс жазушысы Валентин Распутин мен белорусь жазушысы Василь Быковтың романдарын соғысты бастан кешкен майдангерлер жылы қабылдады. Распутин мен Быков «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Соғыстың суық та сұрқай шындығын боямасыз, қаз-қалпында сипаттайтын Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романы да сол кезде жарық көрді. Шығармада қан майданда да жұмыр басты жандардың пендешілігін, адамгершілікті ұмытып, адалдықтан аттап өте беретінін көрсетеді. Соғыс та қарабайыр қарапайым тіршіліктің бір беті. Жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік қатар жүреді. Романның алғашқы тарауларында-ақ біреудің атып түсірген жау ұшағын, награда дәметкен абыройсыз иеленіп кеткісі келеді. Соғыс сәтіндегі күнгей мен көлеңкеде бас кейіпкер бірде өзі, бірде ағасы Қасым болып әділдікті орнатуға күш салады...
Соғыста ерлік көрсеткен қаһармандарды марапаттау барысында өрескел қиянаттардың жасалғандығы туралы қаламгер-мемуаршы Валенти́н Бережко́втың «Бас штаб соғыс жылдарында» кітабы арқылы танысуға болады. Сол жылдары Сталиннің жеке аудармашысы болған оның қызметі Бас штабта тіркелген болатын. Тарих ғылымдарының докторы Бережковтың жазуынша нағыз қырғынды көзбен көрмеген, тек майданнан келген құжаттарды тіркеп отырған штабтағылардың барлығы дерлік Кеңес Одағының Батыры атағын алған «көртышқандар».
Бұл деректі аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Әзілхан Нұршайықов арасында 1970-77 жылдардағы сұхбат желісінде жазылған роман-диалогтен байқаймыз. Мойындау керек, ол кезеңде соғыс ақиқатын айтуға рұқсат жоқ болатын. Бірақ Бауыржан атамыздың шындығын шынжырға байламай, Әзілхан ағамыз тұспалдап жеткізіп отырған. 316-атқыштар дивизиясының штаб бастығы болған Гофман өзінің аты кітапқа неге енбегенін, қарамағындағы полк командирі болған Момышұлынан сұрай берген. Баукеңнің жауабы анық: «Гофман офицерге лайықсыз әрекет еткен». Бұл романда Бауыржан Момышұлы сұрақ қоюшы Әзілхан Нұршайықовтан соғыстағы есте қалған жаужүректігін сұрайды. «Артиллерист болдым. Снарядтарды боратып жатамыз. Нақты жаудың екі танкісін жайратқанымды білемін» дейді. Сонда полковник Момышұлы бұл батыр атағына ұсынылатындай ерлік болған дейді... Қазіргі деректерден білетініміздей, Бауыржан Момышұлының өзі екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанмен, штабтағылар өткізбей тастаған.
Рақымжан Қошқарбаевты еске алайық. Ол Берлиндегі Рейхстагқа Григорий Булатовпен бірге Жеңіс туын бірінші болып тікті. Бұл 1945 жылдың 30 сәуіріндегі тарихи оқиға. Бірақ Бас штабтағы бюрократтар Ұлы Жеңістің тұңғыш тізіміне қазақты емес, Бас қолбасшы Сталиннің жерлесін жазды. Соған батыр атағын бергізді. Соғыс бойында мұндай жағдайлар көп кездесті.
Жоғарыда атап өткен сол соғыстың өлім мен өмір айқасын көзбен көрген Кемел Тоқаевтың майдандағы кезекті «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған 7-гвардиялық танк полкінің командирі, гвардия подполковнигі Корбуттың бұйрығы («Память народа» сайтынан алынды) мынадай: «Автоматшылар бөлімінің командирі Кемел Тоқаев 1943 жылдың 17 шілдесі мен 1 тамызы аралығында танктерді күзетуде ерекше батыл әрі ержүректік әрекет жасады. Толассыз артиллериялық атқылау кезінде танктермен байланысты үзбей ұстады. Тоқтаусыз пулемет-автомат оғының астында істен шыққан танктер мен экипаждар барлауын жүргізіп, танктерге ұтымды өткел жолын жасады. Өз автоматымен 20 гитлершілдің көзін жойды». Керемет ерлік. Сірә, полк командирі жауынгерлеріне жоғары награда бұйырмайтындықтан тек медальға ұсына берсе керек. Осы наградтау қағазына дивизия командирі қызыл қарындашпен Қызыл Жұлдыз ордені деп жанына баттитып жазып қойған. Бірақ үлкен Штаб бұл ерлікті медальмен наградтау тізімінде қалдырған.
Сөзімізді Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықов арасындағы елу жыл бұрынғы «Ақиқат пен аңыз» кітабындағы диалогпен аяқтайын.
«Әзілхан: Сол қырық бірінші жылы 8 желтоқсанда айтқан уәдеңізді орындапсыз, Бауке. Жолтайдың (Жолмұхамед Бозжанов, ерлікпен қаза тапқан жауынгер) да атын «Москва үшін шайқас» кітабына кіргізіпсіз. Үкімет наградасына жазған сіздің ұсыныс бойынша оған Ленин ордені беріліпті.
Бауыржан: Жоқ, орындай алған жоқпын. Менің кітабымда Жолтайдың аты ғана жүр. Ал ол туралы Қасым Аманжоловтың Абдоллаға арнаған дастанындай поэма жазу керек еді. Ол менің қолымнан келмеді. Жастар бар ғой, бәлкім, жазар әлі де».
Бұл соғыс көрген қазақтың әйгілі екі азаматының әңгімесі. Ой салатын, ерлік шежіресін ұмытпауға үндейтін ата сөз.
Әлі де тарих қойнауында жатқан ата-баба ерлігіне лайықты бағасын беру бүгінгі Қазақстан елінің парызы. Мемлекет басшысы үш майдангерге «Халық қаһарманы» атағын берумен аталар рухын жаңғыртты. Ел үшін де, ертеңіміз үшін де өнегелі өрелі іс!
Махат САДЫҚ,
журналист