Елдің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болсын деп қолына қару алып, қан майданға аттанған ардақты ардагерлердің ерен ерлігі естен шықпайды. Қаймықпай қалың жауға қарсы шыққан қайраткерлердің қатары күн сайын азайып жатқаны жанымызға бататыны белгілі.
Мамыражай мамыр айы майдан даласында машақат көргендерді марапаттайтын маңызды мезет десек болады. Ел тыныштығы үшін ерен ерлік танытқан елордалық ардагерлерде ескеріліп, сый-сияпатқа бөленді. Құшақтары гүлге толды. Қазіргі таңда елорда бойынша 18 ардагер бар. Солардың құрметіне, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Айбынды ардагерлер» концерттік акциясы өтті.
Іс-шара аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының үрлемелі аспаптар оркестрімен Red bus экскурсиялық екі қабатты автобусымен қаламыздың көшелері мен Ұлы Отан соғысының 12 ардагерлері тұратын тұрғын үйлерге барып қайтты.
«Әрбір ҰОС ардагері үйінің алдында салтанатты музыкалық құттықтаумен рухани оркестр әскери-патриоттық әндерді орындады. Бұл ардагерлер үшін ғана емес, елорданың тұрғындары үшін ерекше сыйлық болды. Мақсатымыз - майданда және тылда ауыр сынақтардан өткен, өз күштері мен өмірін аямай, әлемді фашизмнен азат еткен Ұлы Отан соғысының ардагеріне шын жүректен алғыс айту», дейді шараны ұйымдастырушылар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 381 ҰОС ардагері барын, олардың әрқайсысына құрмет көрсетіліп, әлеуметтік қолдау шаралары арта түсетінін айтқан болатын.
«Қазір ойланып қарасам, жеңіске жету үшін талай тағдыр қыршыннан қиылды. Бірақ біз еш мойымай, тек алға ұмтылдық және жеңіске жеттік. Көңіл бөліп келіп, құрмет жасағандарыңызға үлкен рахмет. Жастарда бірлік болсын. Бірлік бар жерде тірлік бар. Осы балапандарым оқып, елдің алдына шығып, еліміз қадірлі ел болсын. Енді басқа не айтайын», деді Ұлы Отан соғысының ардагері Жүсіпбек Кәрімов.