• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 08:50

Жеңіс жалауын желбіреткен жасақ

20 рет
көрсетілді

Астана әуежайында Дубайда өткен халықаралық «UAE SWAT Challenge» антитеррористік бөлімшелер жарысының жеңімпаздары мен қатысушыларын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Көк байрақты көкке көтерген саңлақтарды журналистер, әріптестері мен туыстары думандатып, дүбірлете күтіп алды.

Еліміздің айбынын асқақ­татқан бес арнайы жасақ командасы – Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігіне қарасты таңдаулы бөлімшелер халықаралық турнирде, әйгілі «Арнайы жасақ Олим­пиа­дасында» ел намысын қорғады.

Бұл жарыс жетінші рет Біріккен Араб Әмірліктерінде 7-11 ақпан аралығында ұйымдастырылды. Қазақстан командалары жарыстың әр кезеңінде жоғары нәтиже көрсе­тіп, 48 елдің 109 командасын шаң қаптырды. Жалпы командалық есепте Kaz SWAT Team C бірінші орынды қанжығаласа, ал Kaz SWAT Team A екінші орынды иеленді. Осылайша, байрақты бәсекеде ел тарихындағы үздік нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар Kaz SWAT Team B сегізінші орынға, ал Kaz SWAT Team D жиырмасыншы орынға тұрақтады.

– Бұған алғаш рет қатысып отырмын. Ең есте қалғаны – жылдамдық пен темірдей тәртіпке құрылған үйлесімді әрекет. Нәтиженің кілті старт алдындағы салқын­қандылықта жатыр. Жаттығу барысында бәрі жеңіл көрінгенімен, жарыс алаңында жауапкершілік жүгі екі есе артады. Айнала толы көрермен мен камера – әр қимылың назарда. Мұндай сәтте өз-өзіңді меңгеру, ішкі толқынысты тізгіндеу аса маңызды. Психологиялық дайындық пен команданың бірлігі де шешуші рөл атқарды. Біз алты ай бойы тынымсыз жаттығып, жылдамдықты шыңдауға, арнайы тактикалық тәсілдерді жетілдіруге, жүгіру мен төзімділікті арттыруға айрықша мән бердік, – деді Kaz SWAT Team C құрамының мүшесі Мүслім.

Айта кету керек, Tomiris әйел­дер командасы турнирдің үздігі атанып, кейбір ерлер командаларын артқа қалдырды. Бұған дейін де Қазақстанның арнайы бөлімшелері турнирлерде жүлделі орын алған еді.

Еске салсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дубай­да өткен терроризмге қарсы бөлімше­лер арасындағы UAE SWAT Challenge – 2026 халықаралық жарысында үздік нәтижеге қол жеткізген отандық командаларды арнайы құттықтады.

Соңғы жаңалықтар