Қазақстандық теннисшілер Анна Данилина мен Елена Рыбакина жұптық сында Рим WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина ресейлік Екатерина Александровамен бірге алғашқы айналымда италиялықтар Клаудия Джовине – Анастасия Гримальскамен кортқа шықты.
Қазақстандық-ресейлік жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
А.Данилина мен Е.Александрова ширек финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски – мексикалық Джулиана Олмоспен таласады.
Е.Рыбакина тағы бір ресейлік Людмила Самсоновамен бірге бастапқы кездесуін бельгиялық Кирстен Флипкенс – испаниялық Сара Соррибес-Тормомен өткізді.
Бұл матч әлдеқайда тартысты өрбіді.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 2:6.
Супер тай-брейкте Е.Рыбакина мен Л.Самсонова жеңісті жұлып алды – 11:9.
Тартысты бәсеке сағат жарымға созылды.
Е.Рыбакина мен Л.Самсонованың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.
Аяна Тоғанбек