• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Мамыр, 2022

Әулиеата һәм ән періштесі

387 рет
көрсетілді

Жамбыл жері талай жақсы мен жайсаңның табан ізі мен асқақ рухы қалған мекен. Тағдырдың жазуымен келіп, өмір сүріп, мәңгілік сағынышқа айналып кете барған тұлғалар аз емес. Тәтті мұң, қимас сезім сияқты құндылықтарды тереңіне жасырған естеліктер шаһары өткен күндерден сыр шертеді. Түрлі тағдырлар тоғысқан көне мекеннің тарихында ұмытуға болмайтын сәттер өте көп. Әлемдік ән өнеріндегі айрықша құбылыс болған Анна Герман сияқты біртуар таланттың да бір кезде Әулиеата топырағында өмір сүргенін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Алғаш балаң қиялы бүр жарған, асқақ арманы арна тартқан көне мекен өз перзентіндей болған өнер­пазды ұмытқан жоқ. Ол да көзі тірісінде тағдырына араша бол­ған өлкені жанындай сүйген, жү­регінде өмір бойы тербетіп өт­кен. Жанарының жасын сүрткен Жам­былдың жасыл көктемі мәңгі жадында қалған...

Ұлы таланттарға тән тар жол, тайғақ кешу, қилы күндер Анна Германның да басынан айна­лып өткен жоқ. Оның тағдырында Жамбыл жерімен байланысы да балаң күнінен басталған. Де­рек бойынша, ол Өзбекстан Респуб­ликасының Үргеніш қаласында дүниеге келген. Әкесі Евгений Гер­ман наубайханада есепші болып жұмыс істеген делінеді. Ал анасы Ирма Мартенс неміс тілінің мұ­ғалімі болған екен. Болашақ әйгілі әншінің сәби күнінде әкесі тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынып, кейіннен атылып кетеді. Артынша Анна анасы Ирма екеуі Қырғыз Республикасының Талас облысы Орловка ауылына жер аударылады. Сөйтіп, көп ұзамай тағдыр айдап Әулиеата өңіріне келеді. Бұл жер Анна Гер­манның өміріндегі ұмытылмас естеліктерге толы киелі мекені еді. Жалпы, өнер иесінің ән әлемін­де­гі жетістіктері, әлемнің көпте­ген еліне жасаған концерттік са­парлары, орындаған әндері туралы мәліметтер бар. Алайда оның Жамбыл жерінде болған кездері жайлы деректер тапшы. Анна Герман өміріне қатысты, оның ішінде Әулиеата өңірінде болғаны туралы шағын мәліметті Иван Ильичевтің өнерпаз туралы жазылған «Белый ангел песни» деген кітабынан кездестірдік. Аталған кітапта «В период 1944-1946 гг. Анна с мамой и бабушкой жила в Джамбуле, где училась в школе имени Н.А.Некрасова», деген жолдар бар. Сондай-ақ Анна Германның өзінің атынан жазыл­ған «Мы долгое эхо» кітабында да «В 1943 году семья переехала в Джамбул, Ирма устроилась учителем немецкого языка», деген деректер ұшырасады. Дегенмен, анасы Ирма өз естелігінде Жамбыл өңірінде тұрмыс жағдайлары ауыр болғанын, соғыс біткен соң Поль­шаға қайтуларына рұқсат берілген соң, қайтадан сонда кеткенін жазады. Бірақ Анна Германның жанарында, көңілінде бұл топырақ­тың суреті мен естелігі мәңгілікке қалып қойды. Ол өз тағдырында әйгілі әнші болатынын, балалық шағының бір бөлігі өткен Жамбыл қаласына қайта айналып соғатынын сол кезде білмеген де шығар...

Дүние әлеміне поляк халқының ұлы әншісі, неміс тектес композитор ретінде танылған Анна Гер­манның таланты талайды там­сандырғаны хақ. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында оның қоңыр үні, әуезді әні жер бетінде асқақтай түсті. Шабыты шалқы­ған өнер иесін халық тілі мен ұлтына қарамай жоғары бағала­ды. Америка, Ұлыбритания, Ита­лия сияқты атақты елдерде концерт өткізіп, талантын таныт­ты. 1964 жылы Сопот қаласында өт­кен өнер фестивалінде Dancing Eurydice әнін орындаған соң, шы­найы даңққа ие болады. Бұ­дан кейін өнерпаздың даңқты жолы жалғаса береді. Тағы бір дерек­­терге сүйенсек, 1979 жылы Кеңес Одағының көлемінде Анна Гер­манның екі айлық гастрольдік сапары жоспарланады. Ән сапарымен Варшава, Сан-Ремо, Мәскеу, Сопот сияқты көптеген қаланы ара­лаған әнші балалық шағының ізі қалған Жамбыл қаласына да гастрольдік сапармен келеді. Ара­ға отыз үш жыл салып Жамбыл өңірімен қайта қауышқан өнер саң­лағын жергілікті тұрғындар да жылы шыраймен қарсы алады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұ­лов сол бір керемет өнер кешінің куәсі болғанын айтады. Ән әлемінің жарық жұлдызының Жамбыл жеріне келуі де сол кезеңде айта қаларлықтай оқиға болған. Сол 1979 жылы 25 сәуір күні облыс­тық «Знамя труда» газетінің №89 нөміріне журналист Борис Кан «Песни Анна Герман» деген сұхбат жариялайды. Не себепті концерттік бағдарламамен Жамбыл қаласына келгені туралы журналист сұрағы­на әнші балалық шағында анасымен бірге мұнда тұрғанын, мектепте оқығанын, бірақ қай мектепте оқығанын білмейтінін айтып, жа­уап береді. Сондай-ақ жасыл қала, көрікті қаланың келбеті, мұндағы тамылжыған табиғаттың, мектеп жанында ағып жататын арықтың суреттері көз алдында, көңілінде мәңгі қалып қойғанын жеткізеді. Сонымен қатар өзі туған жері деп санаған Жамбыл жұртшылығының өзіне деген көл-көсір көңіліне риза болған өнерпаз 1979 жылы 26 сәуір күні Мәскеудегі құрбысы Анна Качалинаға хат жазыпты. Мұнда өнер иесі өзіне деген құр­мет пен қошеметтің мол болға­нын, балалық шағы өткен өңірмен қимай қоштасып бара жатқа­нын жеткізеді. Сол кезде жергілікті тұрғын Зайтуна Скрипаченкоға өзі пайдаланған бірнеше заттарын сыйға тартқан екен...

1982 жылы атақты Анна Герман дүние салды. Тіршілігінде талай тағ­дыр тауқыметін тартқан, бірақ сонда да өнерге деген құштарлығын құлатпаған қайсар қызды Әулиеата топырағы да ұмытпады. Сағымға айналған бейнесін, әнге айналған атағын аялап, рухына тиісінше құрмет көрсетті. Ол 1979 жылы Жамбыл қаласына гастрольдік сапармен келгенде «Жамбыл» қонақ­үйінде тұрған екен. Бұл нысан әлі де бар. 2013 жылы сол қонақүй­дің алдынан Анна Германға арналып ескерткіш-тақта ашылды. Мұнда әншінің тасқа қашалған бей­несі­мен қатар, «Варшава – Сан-Ремо – Москва – Сопот – Жамбыл» де­ген және «Мемориалдық тақта ұлы әнші, біздің жерлесіміз – Анна Германның құрметіне орнатылды» деген жазу бар. Ал 2014 жы­лы облыстық тарихи-өлкетану му­­­зейінен атақты өнерпазға ар­­нал­ған бұрыш ашылған.

«Әнші Анна Германның Жам­был қаласына анасымен бірге ал­ғаш келуі туралы екі түрлі дерек бар. Бір деректерде ол 1943-1946 жыл­дары Жамбыл қаласында тұр­ған десе, енді бір мәліметтерде 1939 жылдан 1946 жылға дейін тұр­ған делінеді. Ол әкесі жаламен атылып кеткен соң, анасымен осында келеді. Кейін соғыс біт­кен соң отбасымен бірге еліне қай­тады. Негізі бұл кісі ту­ралы көп дерек сақталмаған. Тұрған үйі, оқыған мектебі де анық емес. Бірақ Жамбыл жерін, оның халқын ерекше жақсы көргені жиі айтылады. Жетпісінші жылдардың соңында гастрольдік сапармен Жамбыл қаласына келгенде де, біраз заттарын осындағы кісілерге сыйлаған екен. Ол кісілер бұл ба­ғалы сыйлықтарды кейіннен біздің музейге өткізген. Сөйтіп, музейде ұлы әншінің экспозициясы жа­сақ­­талып отыр», дейді облыстық та­рихи-өлкетану музейінің экскур­соводы Айдана Мекемова.

Қа­­­зіргі кез­де музей бұрышында Анна Гер­манның киген көйлегі, ал­қасы, дау­сы жазылған түрлі күй­­табақтары мен өнер иесі туралы жа­зылған кітаптар сақталған. Му­зейде тұрған күйтабақтар­ды 2014 жылы 3 қазан күні Иван Ильиче­в тапсырған екен. Ал ал­қа­сын қызы Галима музейге өт­кі­зіпті. Қазіргі кезде бұл құнды дү­ние­лердің бар­лығы да облыстық му­зейде сақтаулы.

Ән періштесінің аңызға айнал­ған аты, ән әлдилеген асқақ рухы Әулиеата топырағында мәң­гі тебі­реніп тұрғандай. Оның жана­ры­ның жасын сүрткен, жанына жалау болған Жамбылдың жасыл көк­темі әсем сазбен мәңгі тербеліп жат­қандай. Анна Герман есімі бүгінгі Тараз шаһары үшін бір тарих. Мәң­гілік естелік, сағыныш күйі.

 

Жамбыл облысы