Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
16 мамырдан банктер жеңілдетілген автонесиеге өтінімді қабылдауды бастайды. Бұл туралы елордада мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған форумда ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті.
Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы шамамен 100 млрд теңгені құрайды. Өңірлердегі автобустар паркін жаңарту үшін 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Жеңіл автомобильдерді сатып алуға несие беру келесі шарттар бойынша жүзеге асырылады:
– сыйақы мөлшерлемесі: 4%;
– несиелендіру сомасы: 10 млн теңгеден артық емес;
– қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан артық емес;
– бастапқы жарна: 0 % бастап;
– көлік құралының құны: 15 млн теңгеден аспайды.
Автонесиені екінші деңгейдегі банктер береді. Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрліктермен міндетті шарт көзделген. Оған сәйкес екінші деңгейдегі банктерде қарыз алушыларға қаржыландыруды ұсынудың мәртебесі мен мерзімін қадағалайтын автоматтандырылған жүйе болуы тиіс.
Сондай-ақ қарыз алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға тыйым салатын шектеу енгізілген.