• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 16 Мамыр, 2022

Орталық Азияда жоғары білім аймағы құрылады

304 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде Орталық Азия елдері уни­верситеттері ректорларының І халық­аралық форумы өтті. Форум жұмысына Орталық Азия елдерінің білім, ғылым саласының 100-ден аса өкілдері қатысты.

Форумда сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов Орталық Азияның жоғары оқу орындары байланысты нығайта отырып, сапалы зерттеулер жүргізу, инновацияларды енгізудің маңызын атап өтті. Министр атап өткендей, еліміздегі 14 жоғары оқу орны әлемдік рейтингтен орын алған. Бүгінде Қазақстан – Болон процесінің белсенді қатысушысы.

Форумды өткен жылы қол қойылған Түркістан декларациясында көрсетілген жоспарларды жүзеге асыруға ықпал етеді деп бағалаған А.Айма­ғамбетов: «Негізгі мақсат – өңірлік дең­гей­де ынтымақтастықты нығайтып, аймақта біртұтас кеңістік құруға мүмкіндік беретін Орта­лық Азия жоғары білім аймағын құру», деп атап өтті. Министрдің айтуынша, биыл Қазақстан Чехиямен бірге Болон процесін Басқару тобына (BFUG) тең төрағалық етуде. Форум барысында Қазақстанда BFUG өкілдігін ашу мәселесі көтерілді. Бұл Еуропа мен Орталық Азия ел­дері арасындағы жоғары білім саласындағы әріп­тестікті күшейтуге және Болон процесі қағидат­тарын өңірде таратуға мүмкіндік береді.

«Біз ауқымды реформа жүргізіп, жоғары оқу орындарына академиялық, басқарушылық және қаржылық дербестік бердік. Корпоративтік басқару жүйесі сәтті енгізілді. Жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға ауысты. Директорлар кеңесі құрылды. Осы және басқа да көптеген реформа Қазақстанның жоға­ры оқу орындарында білім беру сапасын жақ­сартуда шешуші рөл атқарды», деп атап өтті А.Айма­ғамбетов. Сондай-ақ ол Орталық Азия өңірі ел­дерінің 150 студенті үшін «Әл-Фараби» маман­дығы мен бағдарламасын даярлап, сондай-ақ PhD бағ­дарламалары бойынша гранттар бөлу мәсе­ле­сіне тоқталды. Өйткені Орталық Азия студент­терінің біріккен одағын құру мәселесі аса өзекті.

Орталық Азия университеттері ректорларының І форумы университетаралық байланыс орнатып, тәжірибе алмасу алаңы ретінде сұранысқа ие болатынына сенім білдірген Өзбекстан Жоғары және орта арнаулы білім министрінің бірінші орынбасары Комилжон Каримовтың айтуынша, мұндай іс-шаралар, халықаралық, өңіраралық және университетаралық байланыс­ты жандандыруға серпін береді. Қазіргі таңда Өзбекстанның да жоғары білім беру саласында ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Орта­лық Азиядағы ғылыми ұйымдар мен университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мен озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ форум аясындағы ықпалдастықтың болашақ ұрпақтың экономикалық тұрақтылығы мен өмір сүру сапасына қосатын үлесі қомақты екеніне тоқталды. Осы орайда Ж.Түймебаев: «Жуырда Түркияның Ыстанбұл қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. ҚазҰУ Орталық Азия университеттерімен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастық туралы 30-ға жуық келісімге қол қойды. Осы мамыр айының соңына қарай Бішкек қаласында университетіміздің кезекті филиалын ашу жоспарлануда», деп атап өтті.

Бүгінде ұлттық және халықаралық деңгейде мойындалған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлем­дік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды мақсат етіп отыр. Осы бағытта жетілдірілген ғы­лыми зертханалар құрылмақ. Университет кам­пусын кешенді жаңғырту және Smart технологияларды қолдану жұмыстары іске асуда. QS By Subject жаһандық пәндік рейтингінде университеттің білім беру бағдарламаларын одан әрі ілгерілету студенттер санын арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттер арасында білім, ғылым ықпал­дастығы тұрғысында Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Расул Абаз­бек уулу, Тәжік ұлттық университетінің рек­торы Кобилджон Хушвахтзода және басқа да деле­гаттар баяндама жасап, оның келешегіне зор сенім артты.

Орталық Азия жоғары оқу орындары альянсын құру туралы меморандум қабылданып, екі­жақты маңызды келісімдерге қол қою қатысу­шы мемлекеттер өкілдері үшін маңызды қадам­дар­дың біріне айналды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінде қазақстандық жоғары оқу орын­дары­ның филиалдарын ашу мүмкіндігі талқы­ланып, басым бағыттар бойынша бірлескен ғылы­ми және білім беру жобалары жоспарын әзір­леу, оқытушылар және студенттермен алмасу барысы да тараптар үшін тиімді ықпалдастық.

Халықаралық шара аясында «Жаһандық бә­се­кеге қабілеттілік, ЖОО ұжымы мен сту­дент­терінің ұтқырлығы» және «Жоғары оқу орын­да­рының цифрлы трансформациясы және Орталық Азия елдері зерттеу кеңістігінің интеграциясы» тақырыбында сессиялар өтіп, аймақ өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ