Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде еліміздің мәдениеті мен баспасөзіне, тіл саласының дамуына қомақты үлес қосқан қоғам қайраткері, жазушы-публицист Ербол Шаймерденұлы шығармашылығын насихаттау мақсатында «Шаймерденов оқулары» өтті.
Шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев ашып, ел мүддесіне қызмет еткен, халқының мәдениеті мен тілін дәріптеп өткен тұлғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында іске асатын шаралар барысына тоқталды.
Алғашқы болып сөз алған университеттің бірінші проректоры міндетін атқарушы Қанатбек Мұқанов ұлттық баспасөзіміздің өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген тұлғаның шығармашылығын өскелең ұрпаққа, болашақ журналистерге үлгі етіп, өнеге тұту мақсатында журналистика факультетінде ұйымдастырылып отырған «Шаймерденов оқулары» іс-шарасының аясын кеңейтуді, оған жастарды мейлінше көбірек қатыстыру мәселесін қозғады.
Алқалы жиынға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мемлекетшіл тұлғаның жайдары мінезі, жастарға ақылшы ретіндегі жанашырлығы туралы айта келіп, Жоғарғы Кеңесте баспасөз хатшысы, Президент Әкімшілігінде, Парламентте, Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі жауапты қызметтерде жүргенінде жауапкершілікті, мәдениетті һәм білікті, білімді тұлға ретінде дараланып тұратындығын еске алды.
Алқалы жиынға қонақ ретінде шақырылған Е.Шаймерденұлының жұбайы Күләш Шаймерденова, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, танымал тележурналист Гүлмария Барманбекова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының ардагері Темірхан Момбекұлы-Түркістан, ақын, журналист Бекжан Әшірбаев, тағы басқа қатысушылар белгілі қаламгер Ербол Шаймерденұлының қоғаммен байланыс орнату ісіндегі еңбегін, мемлекетшіл мінезін, қайраткерлік қасиетін танытар тәлімді әңгімелерін ортаға салды. Осы орайда курстасы Темірхан Момбекұлы-Түркістан «Курста 50 студент едік. 41 ұл, 9 қыз. Осы қырық бірдің ішінде адалдық пен тазалық жөнінен Алпысбай Шымырбайұлы мен Ерболдың алдына түсетін ешкім жоқ болатын» деген жүрекжарды естелігімен бөлісе келіп, «Жаны таза еді. Принципті мәселелерде тек әділетіне қарай жүретін», деп ой толғады.
«Шаймерденов оқулары» аясында халықаралық журналистика мен қоғамдық байланыс саласының ұлттық және жаһандық ақпараттық кеңістікте дамуы, цифрлық медианың бүгіні мен болашағы, салалық журналистиканың өткені мен бүгінін саралауға арналған ғылыми-зерттеу жобаларының қорытындысы жарияланып, шығармашылық байқаудан оза шапқан студенттерге Е.Шаймерденұлы атындағы шәкіртақы табыс етілді.
АЛМАТЫ