«Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдау 18 мамырдан басталады. Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров пен «Отбасы банкі» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данагүл Түсіпова өңірлік коммуникациялар қызметінде бағдарламаға қатысу шарттарымен таныстырды.
Алматы қаласында 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биылғы 18 мамыр мен 1 маусым аралығында www.almaty-zhastary.kz сайты арқылы жеңілдіктер беруге өтініштер мен «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша тұрғын үй несиелеріне қатысты құжаттар қабылданады. Ермек Әміровтің айтуынша, сайтта өтініштер мен құжаттарды қабылдау электронды цифрлы қолтаңба арқылы жүзеге асады. Автоматты балл қою үшін электронды калькулятор енгізілген. Жеке кабинет арқылы өтініштің барысымен танысуға болады. Құжаттарды қабылдау 1 маусымда сағат 23:59-да аяқталып, 20 жұмыс күні ішінде бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін әрбір санат бойынша жиналған ең жоғары ұпай санына сәйкес тізім жасалады.
Бағдарламаның бюджетіне 18 млрд теңге қарастырылып отыр. Ал несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан 45 күнтізбелік күн ішінде үй таңдау мүмкіндігі бар. Бағдарламаға қамтылатындар саны 1 мыңға жуық.
Негізгі талаптарға сәйкес, Д.Түсіпованың айтуынша, өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің меншік құқығында соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі болмауы шарт. Сонымен бірге қатысушының қаланың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, журналистер, әлеуметтік сала және құқық қорғау органдарындағы ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауға тиіс. Қалада кемiнде бiр жыл мерзiмге тiркелген жеке кәсiпкерлер де өтініш бере алады. Бұл талап мәдениет саласының өзiн-өзi жұмыспен қамтыған қатысушыларына қолжетімді.
Жолдама алған өтініш берушілердің төлем қабілетін анықтау үшін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкі» АҚ кез келген қызмет көрсету орталығына хабарласады. Былтыр аталған бағдарламаға 9 741 өтініш түсіп, 1 019 жас отбасы баспаналы болу бақытына ие болды.
АЛМАТЫ