• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Мамыр, 2022

Түркологтың телегей еңбегі ескерілді

428 рет
көрсетілді

Бүгін Халықаралық Түркі академиясында көрнекті түрколог, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының 75 жасқа толуына арналған алқалы жиын өтті. Онда түркі мәдениеті мен жазуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, ғалым Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталды.

Жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп, сөз барысында Қазақстандағы бірден бір түркологтың мерейтойын 18 мамыр – Түркі жазуы күнімен арнайы ұштастырып отырғанын қаперледі. Сонымен қатар кезінде түркологтың еңбегін Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсіреповтердің жоғары бағалағанын еске алды. «Әлі түркі, түркітану деп айтуға жұрттың батылы бармай тұрған кезде осы салаға түрен салдыңыз. Үлкен-үлкен қомақты ғылыми жаңалықтар әкелдіңіз. Түркі өркениеті мен мәдениетін зерттеп қана қоймай, демократиялы Монғолияның қазіргі заңдарының қалыптасуына үлес қосқаныңызды білеміз. Көркем әдебиетте де орныңыз бар. көркем шығармаларға кейіпкер болып жатырсыз» деген академия басшысы ғалымның бұдан да басқа еңбектеріне тоқталып, өңіріне Түркі академиясының Алтын медалін тағып, иығына шапан жапты.    

Дөңгелек үстел басындағы басқосуда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Жантас Жақыпов, Тұрсынхан  Зәкенұлы, белгілі шығыстанушы Бақыт Еженхан, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Елшігінің бірінші хатшысы Дамба Батсуурь түркологтың Қаржаубай Сартқожаұлын мерейтойымен құттықтап, түркология ғылымындағы толағай табысы туралы әңгімеледі.

Қаржаубай Сартқожаұлы Орхон жазуларымен тікелей  айналысқан, сол жазуларды экспедиция арқылы зерттеген әлемдегі санаулы ғалымның бірі. Ол көне түркі мұрасының шырақшысы секілді нәріне еркін сусындап,  құнарына ене зерттеді. Моңғолияда туып, көне түркінің атажұрт  топырағында өмір сүруі, түркологиямен шұғылдануы Қаржаубай Сартқожаұлының бақыты, түптеп келгенде  ұлтының ырысы еді. Сол себептен де ғалымның 2001 жылы Қазақстандағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ келуі – ежелгі түркі руханиятын зерделеуге ерекше екпін берді.

Басқосу соңында Қаржаубай Сартқожаұлы Академия басшысы Д.Қыдырәлі мен өзін құттықтай келген ғалымдар мен Монғолия елшісіне алғыс білдірді.