Алматы облысының кәсіпкерлері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті. Ашық диалог кезінде өңірдегі бизнес-қоғамдастық өкілдері отандық туризм саласын дамыту, өнім өндірушілер үшін мәселеге айналған СТ-KZ сертификатын алу және де басқа отандық кәсіпкерлерді қолдау жайына тоқталып, ұсыныстар айтты.
Жиында сөз алған ұлттық палата басшысы Жетісу өңірі ауыл шаруашылығы мен туризм саласы бойынша жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. Ол «Атамекен» палатасының қызметін трансформациялау және елдегі кәсіпкерлікті дамыту шеңберіндегі жаңа тәсілдер туралы да айтты. Бүгінде бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын күшейту қажеттігіне назар аударды.
– «Атамекен» және мемлекет арасында бірыңғай түсінікті аппараты, салаларды дамытуға бірыңғай тәсілдер болуы керек деп санаймын. Сондықтан экономика салалары арасында теңестірілген және міндетті негізгі көрсеткіштер негізінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі қажет, – деп атап өтті Райымбек Баталов.
Жиында туризм индустриясына қаржы салып отырған кәсіпкерлер Алматы облысы мен Алматы қаласының туризмін дамыту бойынша өзара іс-қимыл мен келісімнің маңызына назар аударды. Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов екі өңір арасында туризмді дамыту бойынша жасалған келісімдер мен бірлескен қызметтің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Түйткілді мәселелерді талқылау барысында СТ-KZ сертификатын беруге қатысты сөз қозғалды.
– Қазіргі кезде кәсіпкерлер шығарылған өнім үшін түрлі сертификаттарды алуға мәжбүр. Оларды алу арзан емес, нәтижесінде бұл шығындар тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан сертификаттарды беру ережелерін қайта қарап, оларды пайдалану мүмкіндігін кеңейту керек. Осылайша сертификаттарды бизнеске қолжетімді ету қажет. Бұл барлық кәсіпкерге ортақ жүйелі мәселе, – деді «QAZAQ-PAK» ЖШС компаниясының төрайымы Ажар Сүлейменова.
Бизнесмендер сондай-ақ суару желілерін салу және күтіп ұстау, отандық өндірушілерді қолдау проблемаларын атап өтті. Сондай-ақ ҰКП және облыс әкімдігінің басшылығынан шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік іс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылауға алуды және экономикалық жағдайға байланысты бизнесті тексеруге мораторийді тағы үш жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Төрағаның тапсырмасы бойынша, барлық жүйелі мәселе мен ұсыныстар орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен талқылау және шешу үшін Ұлттық палатаның орталық және өңірлік аппаратымен пысықтауға алынды.
Бұдан бөлек кәсіпкерлер Алматы облысының бөлінуі және өңірлік кәсіпкерлер палатасын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуге қатысты сауал қойды.
– Жаңадан құрылатын облыстарда жаңа өңірлік филиалдарды құру мәселесі съездің айрықша құзыретінде. Осыған байланысты мәселе ҰКП съезін өткізу барысында талқыланып, шешілетін болады. Съезге дейін өңірлік палаталар қолданыстағы форматта жұмыс істейді, – деп жауап берді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.
Алматы облысы