Қызылордада әнші-композитор Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына арналған «Отан-Ана» атты республикалық әншілер конкурсы өтті. Алғаш үлкен сахнаға «Арай» тобының құрамында шығып, өзі айтқан «Ақ көгершін» әніндегі қалықтаған құстай өнер көгіне еркін көтерілген әнші шетел тыңдармандарын да тәнті еткен еді. Ол шыққанда сахна түрленіп сала беретін. Кез келген әні хитке айналып, тез жатталатын. Ғұмыр кесесі ерте толған талант биыл 60 жасқа толар еді.
Сырбойылықтар халқының құрметіне бөленген ұлдарының ізін өшірмеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр. Қазір қала орталығындағы саябақтың бірі Батырхан есімін иеленген. Жұрт аяғы үзілмейтін саябаққа келген адамды саксофонын аялай ұстаған әншінің мүсіні қарсы алады. Туған күні – 18 мамырға орайластыра ұйымдастырылатын «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсы барша өнерсүйер қауымды осымен үшінші мәрте Сыр төріне жинап отыр.
Конкурстың ашылуында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөйлеп, Батырхан Шөкенов халықтың махаббатына бөленген өнер иесі болғанын атап өтті.
– Бүгінгі «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсы көктемде туған жеріне сағынышпен келген жыл құсындай барша өнерсүйер қауымды әдемі әсерге бөлеп отыр. Талантқа көрсетілер құрмет оның мерейтойы аясында шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта Б.Шөкенов шығармаларын орындаушылар конкурсы, джаз айтушылар және саксофоншылар сайысы секілді түрлі мәдени іс-шаралармен толығатын болады.
Сыр бойының талантты ұлы, өнер тарланы Батырхан Шөкеновтің есімі халқының жүрегінде мәңгі сақталады, – деді облыс басшысы.
Салтанатты жиында облыс әкімі Сыр халқы атынан Батырхан Шөкеновтей дарынды ұлды өмірге әкелген анасы Дилара Ибрагимқызына құрмет білдіріп, иығына зерлі қамзол жапты.
«Отан – ана» атты республикалық әншілер конкурсына әр өңірден келген 20 жас өнерпаз қатысты. Байқаудың бірінші кезеңінде конкурсанттар Saz & soul бэндінің сүйемелдеуімен Батырхан Шөкеновтің репертуарынан ән орындады.
Қазылар алқасының құрамында композитор, музыкант, оранжировшик, халықаралық конкурстардың лауреаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Гайсин, әнші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Қайрат Баекенов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова, әнші Динара Каирова және композитор, мәдениет саласының үздігі Сәбит Ұлықпанұлы болды.
Түс ауа екінші кезеңі жалғасқан конкурс қорытындысында қазылар алқасының байламымен бас жүлдені қызылордалық Ақбота Құснадин жеңіп алды. Бірінші орын Алматы қаласынан келген Алмагүл Батталиеваға табысталса, екінші орын жүлдесін нұр-сұлтандық Айдын Жұмабаев иеленді. Қарағандылық өнерпаз Жанасыл Елубаев, алматылық Азамат Бекбергенов, Қостанайдан келген Айдана Риза мен жергілікті әнші Аягөз Аралбайқызы үшінші орын биігінен көрінді.
Осы күні үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Отан-Ана» атты республикалық әншілер конкурсына қатысушылар орталық алаңда гала-концерт қойды. Ал әнші жарық дүниеге келген 18 мамыр күні қала орталығындағы Батырхан Шөкенов саябағына барып, ескерткішіне гүл шоғын қойды.
Талант рухына жасалған тағзым жарқ етіп өткен жұлдыздың ән-ғұмыры елі барда ешқашан үзілмейтінін көрсетті.
Қызылорда