Кез келген қоғамның дамуы сапалы білімге байланысты. Осы орайда еліміздегі реформалар аясында жастарға кәсіптік-техникалық білім берудің маңызын арттыру мақсатында Президент қоғамға нақты тапсырмалар жүктегені белгілі.
Бүгінде колледждердегі білім сапасына қатысты айтылатын сын көп. Алайда жастарды жаңа кәсіпке баулуда, кәсіптік бағдар алып, жоғары оқу орнына дайындауға үлкен мән берілетін кәсіптік бағдарлы оқу орындарына заманауи кезеңде жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігі уақыт талабынан туындап отыр.
Алматы көпсалалы колледжінде «Менің болашақ мамандығым» тақырыбымен өткен фестиваль кәсіптік-техникалық білімді мамандар даярлаудың маңызын аша түсті. Бүгінде оңтүстік астанада 80-нен астам колледж болса, айтулы іс-шараға 50-ден астам колледждің оқытушылары мен студенттері қатысып, қала мектептері оқушыларының сауалдарына жауап берді.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің онкүндігі шеңберінде қалалық білім басқармасы білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен фестивальдің мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдау, еліміз экономикасын дамыту жолында мектеп оқушыларын кәсіби бағдар алуға шақыру, қолдау көрсету.
Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы ТжКББ бөлім басшысы Гүлнар Жәлелқызының айтуынша, сегіз ауданның мектептерінен қатысқан оқушылар мол мағұлмат алып қана қоймай, болашақ бағдарын анықтауға да мүмкіндік алды. Фестиваль оқушылардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы түсініктерін кеңейтуге, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға, сонымен бірге жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, болашақ түлектер арасында орта кәсіптік білімді танымал етуге ықпал етеді», деп атап өтті.
Фестиваль аясында қала мектептерінен жиналған 4 мыңнан астам оқушы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу ережелерімен танысып, мамандықтар туралы кеңейтілген ақпарат алды. Өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, оқуларын колледжде жалғастыру туралы ойланып қайтқаны кездесудің нәтижелі болғанын көрсетеді. Болашақ талапкерлер көбіне АТ саласына, педагогикалық, медициналық, қоғамдық тамақтану мамандықтарына қызығушылық білдірген.
Гүлнар Жәлелқызы атап өткендей, көбіне балалары үшін ата-аналар мамандық таңдап жатады әрі мұның көп жағдайда оң нәтиже беретіні анық. Сондықтан фестивальге ата-аналар да шақырылып, балалармен бірге қажетті ақпараттар алды. Тіптен, кейбір ата-аналардың балаларын колледжге жібермейміз деген райынан айнып қайтқаны қуантады. Колледж студенттерінің өз мамандықтарына байланысты дайындаған тақырыптық нөмірлері келушілердің қызығушылығын арттыра түсіп, жылына бір мәрте өтетін фестивальді қайталап өткізуге ұсыныс білдірді.
АЛМАТЫ