• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Мамыр, 2022

Атырау облысында аурухана директорына әкімшілік айыппұл салынды

221 рет
көрсетілді

Махамбет ауданының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесімен аурухана директорының заң бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аудандық аурухана директоры мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындамаған 3 өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы арызбен сотқа жүгінбеген.

«Осыған байланысты Атырау облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізілді. Осындай бұзушылыққа жол берген аудандық аурухананың директоры ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 207-бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. Директорға мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 136 мың 835 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», дейді Махамбет ауданының прокуроры Бағытжан Қалиев.

Сондай-ақ аталған ауруханада тегін негізде өтуге тиіс санаттарға жатпайтын 84 адам COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-тексеруден өткізілген. Сөйтіп 414 мың 251 теңгенің негізсіз жұмсалғаны анықталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бұзушылықты жою туралы ұсыну беріліп, қаражат бюджетке қайтарылып отыр.

Аяна Тоғанбек