Биыл – Балалар жылы. Атаулы кезеңде атқарылар іс аз емес. Міндет жүгі де салмақты. Басым бағыттарды саралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын. Қазір өңірлерде Президент пәрмені бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл санатта Алматы облысы да бар.
Жалпы, атаулы жылда атқарылатын іс-шаралар реті Үкіметтің арнайы қаулысымен 7 бағыт бойынша жүргізілуде. Олардың қатарында «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala qorgay», «Bala_time.kz» сияқты негізгі жоспарларды қамту міндеті тұр. Ал аймақта қолға алынған іс-шараның бір бағыты білім саласына қатысты болып отыр.
– Президент бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде ғана өткізуді емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау керектігін тапсырды. Осыған орай облыста іс-шаралар жоспары бекітілген, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.
Оның айтуынша, бұл балалардың сапалы білім алуына, толыққанды қосымша оқумен қамтылуына, денсаулығын нығайтуға, құқықтарын іске асыруға, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталып отыр. Облыста Балалар жылын өткізу аясында 5 мыңнан астам іс-шара қарастырылса, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.
Биыл балалар игілігі үшін берілетін 13 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мұнан бөлек Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Орталықта нейро-ортопедиялық, церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген. Жыл соңына дейін 600 баланы қабылдау жоспарланған. Жалпы, аймақтағы мүмкіндігі шектеулі 58 бала уақтылы сауықтыру үшін Нұр-Сұлтан қаласының «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығына» жіберілген. Бала денсаулығына көңіл бөлу ісі облыста оң бағытта өрбіп отыр. Қазір аймақта 11 оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның төртеуі таза мемлекеттік мекеме екен. Мұндай орталықтарда қызмет алушыларға әлеуметтік-мәдениет, әлеуметтік-экономика, әлеуметтік-психология, әлеуметтік-медицина, әлеуметтік-құқық салалары бойынша көмек беріледі.
«Бар жақсылық – балаларға» дегендей, аймақтағы жасөспірімдерді рухани тұрғыда қолдау әрдайым назарда. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайлары мен музейлерге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан жеткіншектерге тегін көрме-экскурсиялар ұйымдастырылуда. Жақында «Қайырымды ұлт» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Айналайын» балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының екі жүзден астам тәрбиеленушісі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік концерт және дастарқан ұйымдастырылған. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің 210 тәрбиеленушісіне ойыншықтар, спорттық инвентарлар және басқа сыйлықтар табыс етілген. Ал Б.Римова атындағы драма театры 860 балаға қайырымдылық қойылымдарын ұсынды. «Айналайын» және облыстық №1 балалар үйлерінің 194 тәрбиеленушісі үшін демеушілер тарапынан мерекелік дастарқан ұйымдастырылып, сыйлықтар табыс етілді, бұл шараға 2 млн-нан астам қаражат жұмсалды.
Облыста бала құқығын жүзеге асыру, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында сурет, мәнерлеп оқу, плакат, патриоттық әндер байқауы, ашық сабақ, тәрбие сағаты, акция, әдеби оқылым, мұражайларға экскурсия, көрме, фестиваль, слет, ата-аналардың қатысуымен дөңгелек үстел, кездесулер өтті. Іс-шаралар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, демеушілер, меценаттар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ұйымдастырылуда. Бұл аталған шаралар «Балалар жылы» аясында тұрақты жалғасын таппақ.
Алматы облысы