• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Мамыр, 2022

Қазақстан-Түркия арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларға жетті

503 рет
көрсетілді

2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Egemen.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

Қазақстанның барлық шет елдермен жалпы тауар айналымына көз жүгіртсек, Түркия 6,5% үлес-салмағымен үшінші орында тұр, оның ішінде импорт - 4,2%-ды, ал экспорт – 7,2%-ды құрайды.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Түркияға құны 1 251,9 млн АҚШ долларын құрайтын тауарлар экспортталған, импорт 236,3 млн долларды құраған. Осылайша, сыртқы тауар айналымының оң сальдосы 1 млрд АҚШ доллары деңгейінде болды.

Түрік елінің тарапынан отын-энергия тауарларына жоғары сұраныс болған, олардың құны 885 млн доллар болып, осы жылдың үш айындағы жалпы экспорттың 70,7%-ын құрады.

Екінші орында - металдар мен олардан жасалған бұйымдар, олардың құны 324 млн доллар немесе экспорт құрылымында - 25,9%-ды құраған.

Одан басқа Түркияға жануар және өсімдік текті өнімдер, тоқыма бұйымдары, машина жабдықтары, химия онеркәсібінің өнімдері де экспортталған.

Импортқа келетін болсақ, биыл Қазақстанға Түркиядан 62 млн АҚШ доллары сомасына машина жабдықтары,  құрылғылар мен аппараттар жөнелтілген, бұл импорттың 26,2%-ын құрайды.

Екінші орынға құны 47,5 млн АҚШ долларын құрайтын тоқыма және тоқыма бұйымдары тұрақтады, олар аталған елден келетін жалпы импорттың 20%-ын құрады.

Одан бөлек химия онеркәсібінің өнімдері, жануар және өсімдік текті өнімдер, металдар мен олардан жасалған бұйымдар, аяқ киім, бас киім мен галантерея тауарлары, құрылыс материалдары импортталған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тауар айналымы 803,1 млн АҚШ доллары деңгейінде болған. Ол кезде экспорт - 545,2 млн долларды,  ал импорт - 257,8 млн долларды құраған еді.