2021 жылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарының операторлары мемлекет бюджетіне 7,5 млрд доллар тікелей төлем жасады. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2021 жылы 3 ірі оператордың қызметінен мемлекеттік бюджетке жалпы тікелей төлем көлемі 7,5 млрд доллардан асып түсті», делінген Үкімет басшысының жауабында.
Премьер-Министрдің дерегінше, «Теңізшевройл» компаниясы еліміздің бюджетіне 4,5 млрд доллар төледі.
Республика Қарашығанақ жобасынан 2,6 млрд доллар алды. Оның ішінде профит-ойл (инвестордың кірісін қалыптастыратын және республика бюджетіне кететін мұнайдың бөлігі) түріндегі 1,98 млрд доллар - Ұлттық қорға, және салық түрінде 0,65 млрд доллар - жергілікті және республикалық бюджетке аударылды.
Ал Солтүстік Каспий жобасынан елімізге 0,4 млрд доллар (басым төлем түрінде 274 млн доллар және профит-ойл түрінде 170 млн доллар) түсті.
Аяна Тоғанбек