Отандық бизнестегі қордаланған проблемалардың бірі – саланы бақылайтын құзырлы органдардың тарапынан жасалатын қысымның азаймауы. Айталық, негізсіз қозғалған қылмыстық іс көп.
Бақылаушы мемлекеттік органдар туралы айтар болсақ, тұтастай тексеру жүйесі тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделуі тиіс. Әлемдегі озық елдерде тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы тексерулердің 90-95%-ы автоматты түрде тағайындалады. Өкінішке қарай, елімізде бұл көрсеткіш небәрі – 27%. Республика аумағында тексеру жұмыстары түсетін шағымдардың негізінде жүргізіледі. Демек, олар автоматты түрде тағайындалмайды. Былайша айтқанда, мемлекеттік органдар қадағалау бағытында лайықты жұмыс істемейді және тәуекелдерге тиісті дәрежеде талдау жасалмайды.
Мемлекет басшысының алдында жылдың соңында аяқталатын тексерулер жүргізуге байланысты мораторийді ұзарту қажеттігі жөнінде мәселені көтердік. «Атамекен» ҰКП жобалық кеңсемен бірлесіп, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге қатысты үлкен жұмысты қолға алып, жүргізіп жатыр. Мемлекеттік органдар бизнестің алдына қоятын талаптардың, есептемелердің және тексерулердің барлық спектрін қайта қарайтын боламыз. Біздің болжамымызға сәйкес осы жұмыстың айтарлықтай нәтижелері 2024 жылға қарай дайын болуы тиіс. Сондықтан Президенттен мораторийді бір жылға ұзартуды сұрадық.
Өкінішке қарай, құқық қорғаушылар тарапынан көрсетілетін қысым сақталып отыр. Мәселен, негізсіз қозғалған көптеген қылмыстық іс пен процессуалдық әрекет байқалған. Егер де қылмыстық істердің статистикасына қарасақ, былтыр 1 770 іс қозғалып, оның 400-ден астамы тоқтатылғанын көруге болады. Сонда қылмыстық істердің 20-25%-ы негізсіз қозғалғаны ма? Мысалы, тінту, тәркілеу, шоттарға тыйым салу сынды жекелеген процессуалдық әрекеттер жөнінде өкінішке қарай, Қазақстанда статистика жүргізілмейді. Аталған мәселені шешу үшін ұлттық палата Бас прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық істердің заңдылығын анықтау мақсатында талдау жүргізе бастады.
Мұндай талдауды тоқсанына бір рет облыстық прокуратураның деңгейінде және жарты жылда бір Бас прокуратураның алаңында республика көлеміндегі жұмыстардың қортындыларын шығару үшін ұсынылды. Бас прокуратура бұл бастаманы қолдады. Осы жұмысты жолға қойсақ, қадағалаушы және құқық қорғау органдары тарапынан заңға қайшы әрекеттердің саны күрт азаяды деп есептейміз.
Ербол ӨСТЕМІРОВ,
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары